Жеңістің 80 жылдығы: Қарағандыда әскери авиация жаттығулары өтіп жатыр

29 сәуір, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Жеңістің 80 жылдығы: Қарағандыда әскери авиация жаттығулары өтіп жатыр
Фото: Қорғаныс министрлігінен

Нұркен Әбдіров атындағы 610 авиациялық базада 7 мамырда Астанада өтетін Жеңіс шеруіне дайындық аясында қарқынды жаттығу ұшулары жалғасуда, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Әуеге Су-30СМ көп мақсатты жойғыш ұшақтары, Л-39 оқу-жауынгерлік ұшақтары және Л-410 көп мақсатты ұшақтары көтерілді.

Экипаждар ұшу, қону және жоғары пилотаж элементтерін, оның ішінде іс-қимылдардың барынша дәлдігі мен үйлесімділігін талап ететін күрделі фигураларды пысықтады. Әр маневр миллиметрге дейін тексеріледі.

Барлық күш-жігер парадта әуе күштерінің әлеуетін, техникалық шеберлігі мен жоғары кәсібилігін көрсетуге бағытталған.

 – Біз үшін Жеңіс парады тек авиациялық техниканы көрсету ғана емес. Бұл – майданда қаза тапқан батырларға тағзым, соғыс және Қарулы күштердің ардагерлеріне құрмет, – деп атап өтті 80185 әскери бөлімінің ұшқыш-штурманы Нұрболат Молдабек.

Авиациялық база қолбасшылығының деректері бойынша дайындық бекітілген жоспарға сәйкес қатаң жүзеге асырылуда. Онда ұшу бағдарламасының барлық элементтері толық пысықталмақ.

Парадтың әуе бөліміне бірнеше ондаған ұшу аппараты қатысады. Оған қатаң іріктеуден және мамандандырылған даярлықтан өткен ұшқыштар жіберілді.

Жеңіс парады саптық есептоптардың салтанатты шеруі, әскери техника легі және ауқымды авиашоу секілді үш кезеңнен тұрады.