Астаналық полицейлер спартакиадада жүлделі орындарға ие болды

Бүгін, 12:15
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views54
Астаналық полицейлер спартакиадада жүлделі орындарға ие болды
Фото: Астана қаласы Полиция департаментінен

Атырау қаласында Ішкі істер министрлігінің XII Спартакиадасы бағдарламасы аясында қоян-қолтық ұрыс бойынша республикалық жарыс өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Елдің әр аймағынан барған тәртіп сақшылары бақ сынаған додада Астана қаласы Полиция департаментінің спортшылары ерекше көзге түсіп, жекелей және командалық есепте жүлдегер атанды.

Жарыс нәтижесінде 62 келі салмақтағы Жедел қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы, полиция аға лейтенанты Алмаз Зейнуллов, 88 келі салмақтағы Оқу-жаттығу ротасының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұрбол Ысқақов және 70 келі салмақтағы Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция аға сержанты Арай Мусина 1-орынға ие болса, 80 келі салмақтағы Оқу-жаттығу ротасының қызметкерлері полиция аға лейтенанты Мейрамбек Мұқанбетқалиев пен 97 келі салмақтағы полиция капитаны Ерболат Берген 2-орынды місе тұтты.

Жекелей сындардағы бұл жетістіктердің нәтижесінде Астана қаласы Полиция департаментінің құрамасы жалпы командалық есепте қола жүлдеге ие болды.
Мұндай жарыстар полицейлердің тек кәсіби шеберлігін ғана емес, сонымен қатар ерік-жігері мен спорттық шыңдалуын айқындайды. Бұл жетістік астаналық тәртіп сақшыларының спорттағы әлеуетінің жоғары екенін көрсетіп отыр.