Жеңіс Қасымбек: Астананың тұрғындары жыл сайын шамамен 7%-ға өсіп келеді

16 шілде, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жеңіс Қасымбек: Астананың тұрғындары жыл сайын шамамен 7%-ға өсіп келеді
Фото: Жеңіс Қасымбек/ Instagram

Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Астананың тұрғындары жыл сайын шамамен 7%-ға өсіп келеді. Қазіргі уақытта қалада 1,5 миллионнан астам адам тұрады. Осыны ескере отырып, елорданың жаңа Бас жоспарын бекіткен болатынбыз, онда тұрғындар санын 2,3-2,5 миллионға дейін жеткізу қарастырылған.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевпен семинар өткіздік. Оның барысында елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жарияланып, 2035 жылға дейінгі негізгі жұмыс бағыттары белгіленді. Семинар Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру және «Таза Қазақстан» кең ауқымды экологиялық бастамасы аясында ұйымдастырылды. Оған өңірлік әкімдіктердегі әріптестеріміз, урбанистика саласындағы халықаралық сарапшылар және өзге де мамандар қатысты.

Ескі тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы өзектендірілді: 2030 жылға дейін 206 апатты үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланып отыр. Қала құрылысы саясатында басымдық әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, абаттандыру мен жасыл аймақтар салуға беріліп отыр.

Біз инженерлік инфрақұрылымы алдын ала жоспарланған қалалық жүйе қалыптастырып келеміз. Әрбір ісіміздің негізінде «адамдарға арналған қала» қағидасы жатыр, мұнда басымдық қала тұрғындарының өмір сүру сапасына, инклюзивтікке және қолжетімді ортаға беріледі», - деді Ж.Қасымбек.

Қала әкімі елордадағы басым бағыттардың бірі – көлік жүйесін дамыту екенін де айтты. 

«Атап айтқанда, 2029 жылға дейін қоғамдық көліктің үлесін қазіргі 41%-дан 71%-ға дейін арттыру, автобус паркін жаңарту және жаңа көлік жолайрықтарын салу жоспарланып отыр. Сол сияқты LRT жобасын іске асыру жалғасып жатыр, оның бірінші желісін сынақтан өткізу осы жылдың қыркүйек айына жоспарланған.

Экология және көгалдандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Соңғы үш жылда қалада 2,5 миллионнан астам жасыл желек егілді, көгалдандыру жарғысы енгізілді, ағаштарды цифрландыру жұмысы басталды. Көшелерді, жағалауларды, қоғамдық кеңістіктерді, Green Line жасыл жаяу жүргіншілер дәлізін, жаңа Damu саябағын және басқа да нысандарды абаттандыру бойынша ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Абаттандыру және көгалдандыру жұмысы қаланың барлық ауданын қамтиды», - деп жазды ол.