“Жастар биі”: “Астана Балет” театрында бүгін премьера өтеді


Бүгін, 29 наурыз күні "Астана Балет" театрында «Жастар биі» хореографиялық миниатюрасының премьерасы және «Ұлы дала мұрасы» дивертисменті өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Абдрасул Есекеевтің режиссерлігімен «Жастар биі» хореографиялық миниатюрасының премьерасы кештің шымылдығын ашады.
Жаңа қойылым – қазақ дәстүрлері мен классикалық пластиканың үйлесімі ретінде қалың көпшілікке ұсынылмақ. «Жастар биі» – жастықтың, күш пен нәзіктіктің, грация мен энергияның тоғысқан бейнесі. Композитор Ержан Тоқсабановтың музыкасы хореографияны табиғи түрде толықтырып, бишілердің әрбір қозғалысын сүйемелдеп, қойылымды қуаттай түседі.
Премьера Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти қойған «Ұлы Дала мұрасы» дивертисментінің құрамына кіреді. Бұл жоба - Қазақстанда ғана емес, оның шекарасынан тыс та көрермендердің жүрегін жаулап алған шедевр. Бағдарламаға енген хореографиялық миниатюралар түрлі көркемдік тәсілдер мен стилистиканы пайдалана отырып, қазақ халқының тарихы мен бай дәстүрін, отанымыздың тылсым табиғатының құдіретін паш етеді. Қазақ хореографиясының эстетикасы, көз жауын алар тартымдылығы, терең мазмұны мен әсем костюмдері дүниежүзі көрерменінің риясыз қызығушылығы мен таңданысын тудырады.
А.Тәти қойылымдарындағы әйелдің нәзік бейнесі және ерлер хореографиясындағы жауынгерлік сипат, шорт қимылдар көз жауын алып, көрермен жанының түкпіріндегі пернелерін шертеді. Биде этнографиялық элементтер мен заманауи балетмейстерлік шешімдерді үйлесімді қолдана отырып, хореограф терең тарихи әрі фәлсафалық мағынасы бар қазақ оюына тән қайталанбас пластикалық суретті сахнаға алып шығады.
«Ұлы Дала мұрасы» – бұл жай ғана концерт емес. Бұл қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне терең еніп, оның дәстүрлерімен танысудың, көшпенді өркениеттің рухын сезінудің және шексіз даланың ұлылығына тәнті болудың нағыз мүмкіндігі.