Тоғызқұмалақтан әлем чемпионы болуды армандаймын – елордалық Биғали Зкрияев


Елордалық Биғали Зкрияев 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтын жүлдегері, 17 жылдан бері тоғызқұмалақтан жарысқа қатысып, бүгінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған. Elordainfo.kz тілшісі Наурыз мейрамы қарсаңында спортшыны әңгімеге тартты.
Қазіргі таңда Биғали Зкрияев Астана қаласының жоғары спорт шеберлері мектебінің тоғызқұмалақтан жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Ол ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақты 11 жасынан бері ойнайды.
«Мектепте 8 жасымнан бастап шахматтан үйірмеге қатысып жүрдім. Бір уақытта шахмат және тоғызқұмалақ үйірмелері бір кабинетте өтті. Содан тоғызқұмалақтағы құмалақтардың даусын ұнатып, тоғызқұмалақ ойнап бастап кеттім. Ол кезде жасым 11-де еді. Ең алғаш рет қызыққан кезде тыңғылықты дайындалып, облыстық іріктеу жарысына қатысып чемпион атандым. Арада біраз уақыт өткен соң республикалық чемпионатқа барып, 1 алтын және 1 күміс медаль алдым. Солай алғаш рет Қазақстан Рреспубликасының чемпионы атандым»,- дейді Биғали Зкрияев.
Биғали Зкрияев ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтан бөлек, түріктің ұлттық ойыны саналатын мангаланы да үйреніп алған.
«2019 жылы Мангала ойынынан Түркия елінде тұңғыш рет әлем чемпионаты өтетінін естідім. Содан бұл тақта ойынына қызығушылық пайда болып, үйрене бастадым. Алдымен іріктеу жарысқа қызу дайындалып, нәтижесінде әлем чемпионатына қатысуға жолдама алдым. Талпынысымның арқасында әлем чемпионатында мангаладан тұңғыш әлем чемпионы атандым. Сонымен қатар былтыр 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, мангала бойынша сайысқа түстім. Осылайша алтын жүлдеге ие болдым»,- дейді ол.

Елордалық спортшы тоғызқұмалақ мангала ойынына қарағанда күрделірек екенін атап өтті. Тақта ойындарында құмалақ пен отау сандарында айырмашалық бар. Одан бөлек ойын барысындағы жүріс пен тақ пен он сандарды пайдалануда айырмашылық бар.
«Қазіргі таңда классикалық тоғызқұмалақ 4 сағат ойнатылады. Дегенмен ойын барысында төрешілер уақытқа ойнату әдісін қолданады. Бірақ кәсіби ойыншылар үшін уақытқа ойнау қиын емес деп ойлаймын. Себебі көз арқылы жүрістерді 10-20 секундта табуға болады. Бұл қаншама жылдық тәжірибе деп ойлаймын. Одан бөлек ойыншылар әр жүрісті қағазға түртіп жазып отырады. Бұл ойыннан кейін қандай қателіктер жіберілгенін саралауға қажет. Осылайша ол алдағы уақытта та тиімді және ұтымды ойнауға көмектеседі»,- дейді Биғали Зкрияев.
Тоғызқұмалақ стратегиялық ойлау мен есептеу қабілетін жетілдіруге көмектеседі. Сонымен қатар адамның ойлау жылдамдығын және логикалық дағдыларын дамытады. Кейіпкеріміз ұлттық ойын сабырлыққа да үйрететінін атап өтті.

«Жарыс барысында ең мықтылар сайысқа түскенде, тоғызқұмалақ ойыны уақыт жағынан ұзаққа созылады. Осындай кезде бұл ойын сабырлыққа да үйретеді деп есептеймін. Тоғызқұмалақ ойнау білетін адам ойын барасында алдын ала жүрістерін есептеп, қарсыласының қандай жүріс жасайтынын есептеп отырады. Сондықтан да тоғызқұмалақ ойнайтын адам анализді тез жасайды және одан да жылдам ойлануға үйренеді»,- дейді ол.
Биғали Зкрияев ұлттық ойынымыздан өткен әлем чемпионатына қатысып, күміс жүлдеге ие болған. Енді ол алдағы уақытта әлем чемпионы болуды армандайды.
«Мен тоғызқұмалақ ойыны арқылы көп жетістіктерге жеттім. Жұбайым Гүлжанат Алдабергенова да тоғызұмалақтан ҚР еңбегі сіңірген спорт шебері, әлемнің екі дүркін спорт шебері, Азия чемпионы атанды. Дегенмен алдағы уақытта тағы да әлем чемпионатында бағымды сынап, тоғызқұмалақтан әлем чемпионы болуды қалаймын»,- дейді елордалық спортшы.