«Астанадан екі бөлмелі пәтер алдық»: «Елорда жастары» бағдарламасы қатысушысы қалай үйлі болғанын айтты

Бүгін, 10:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Астанадан екі бөлмелі пәтер алдық»: «Елорда жастары» бағдарламасы қатысушысы қалай үйлі болғанын айтты
Фото: Оңалхан Өнерхан

«Елорда жастары» бағдарламасы астаналық жастардың жеке тұрғын үй сатып алуына мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде мемлекеттік қолдаудың арқасында жүздеген жас маман пәтер иелеріне айналды. Солардың бірі – елордалық Гульфия Шакирьянова Elordainfo.kz тілшісіне баспанаға қалай қол жеткізгенін айтып берді.

Үш баланың анасы «Елорда жастары» бағдарламасы арқылы бастапқы 10% жарнамен 20 миллион теңгеге дейін несие берілетінін Тұрғын үй қорының қызметкерлерінен сұрап біледі. Бағдарлама қатысушысы болып тіркелген үш балалы жас отбасы байқаудан сәтті өтеді.

«Әуелі «Жұмысшы жастар» бағдарламасы бойынша алынған сатып алусыз жалдамалы пәтерде бес жыл тұрдық. Бастапқы екі жылы қиындау болды. Өйткені пандемиядан кейін жолдасымның жұмысы тоқтап қалды. Жеке кәсіпкер еді. Өзім "Астана су арнасы" МКК сорғы-сүзгі станциясында ауысым бастығы болып еңбек етемін. Менің табысым азық-түлік, несиеге, балалардың керек-жарағына ғана жететіндіктен, бастапқы жарнаға тек 10 мың теңгеден ғана салуға мүмкіндік болды. Одан кейін жолдасымның жұмысы жүре бастағаннан кейін көбірек жинай бастадық. Мен де қосымша табыс болсын деп бала күтіміне байланысты үйде отырғанымда жеке кәсібімді ашып, перде тіктім. Бес жылдың ішінде 2 миллион 100 мың теңге жинаған екенбіз. Осындай қосымша табысымыз болмағанда біз бұл пәтерді ала алмас па едік», - дейді бағдарлама қатысушысы.

Баспаналы болуды мақсат еткен жас отбасы қиындықтарға қарамастан, тынбай еңбек етіп, бастапқы жарнаны жинап, «Елорда жастары» бағдарламасы арқылы жеке тұрғын үйдің иесі атанды.

«14 жылға 5%-бен екі бөлмелі пәтер алдық. Ай сайын 158 000 тг төйлейміз. Бұл жас отбасылар үшін тиімді. Дегенмен пәтер алғысы келген жастарда табыс көзі көбірек болғаны дұрыс және бұған дейін алынған несиені азайтқаны жөн. Бұл үшін еңбектену керек. Қосымша кәсіп те қажетті соманы жинауға, несиені жабуға көп септігін тигізеді. Осы тұрғыда кәсіппен айналысып, нәпақасын тауып жатқан жеке кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау болса, нұр үстіне нұр болар еді», - дейді Гульфия Шакирьянова.

Айта кетейік, елордада осыдан бес жыл бұрын алғаш рет жұмыс істейтін жастарға арналған «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.

Бес жылдық жалға берілетін баспана бағдарламасы аясында жастарға, яғни білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, әлеуметтік қорғау, полиция және басқа да салаларда жұмыс істейтін 35 жасқа дейінгі азаматтарға басымдық беріліп келеді.

«Елорда жастары» бағдарламасы аясында Астанада тұрақты тіркеудің болуы, соңғы бес жылда жылжымайтын мүліктің болмауы және тұрақты табыс көзі болуы шарт.

Бағдарлама туралы толық ақпаратты zhilfond.kz сайтында және Тұрғын үй қорының әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы білуге болады.