«Таза Қазақстан»: елордалық спортшылар шаңғы-роллер жолы аумағын тазартты

SKI CLUB ASTANA клубы «Таза Қазақстан» экоакциясын қолдап, елорданың Орталық саябағында орналасқан шаңғы-роллер жолына тазалық жұмыстарын жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аталған акцияға шаңғы клубының 60 шақты спортшысы қатысты.
« Бүгін біз «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында қала тазалығы мен тәртібін қадағалау өз қолымызда екенін көпшілікке танытып, үлгі көрсету үшін «Нұра» ауданындағы шаңғы-роллер жолы аумағын тазалауға шықтық. Акцияға шаңғы клубының 6 жастан 60 жасқа дейінгі қатысушылары ұйымшылдықпен атсалысты. Біз ел азаматтарын осындай керемет бастаманы қолдауға шақырамыз», - деді SKI CLUB ASTANA клубының басшысы Александр Пилипенко.
Елорданың «Нұра» ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова қоғам белсенділері мен спортшылар тарапынан сенбілік ұйымдастыруға қатысты ұсыныстар жиі түсетінін әрі мұндай бастамаларға әкімдік әркез қолдау білдіретінін айтты.
«Адамдар өзгелердің тазалық жасап жатқанын көргенде айналасын шашпауға тырысады. Сондықтан бүкіл «Нұра» ауданының тұрғындарын осы акцияға атсалысуға шақырамын. «Таза Қазақстан» экоакциясы - біркүндік немесе біржылдық науқан емес, бұл бастама - біздің күнделікті өмір салтымызға айналуы тиіс деп ойлаймын», - деді Әлия Әбсеметова.
Айта кетейік, акцияға балаларымен бірге ата-аналары да қатысты.



