Сыни ойлау пікірсайыста шыңдалады – пікірсайысшы


Қазіргі таңда оқушылар мен студенттер арасында дебат – кең тараған трендтің бірі. Астанадағы Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейі 11-сынып оқушысы Диляра Өмірзақ кейінгі жылдары Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен дебат қозғалысы білім беру ұйымдарында қайта жанданып жатқанын айтады.
- Пікірсайыс деген не? Осы туралы толығырақ тоқталып өтсең...
- Пікірсайыс мен үшін, біріншіден, орта, екіншіден, мүмкіндіктер алаңы. Пікірсайысшылардың ой өрісі кең, өзін-өзі ұстауы өзгеше болады, тіпті, сөйлеуінен-ақ дебатерды танитын болдым. Одан бөлек, дебат маған үлкен мүмкіндіктер берді. Менің сыни ойлауыма, жаңа жерлерге баруыма әсер етті.
- Пікірсайысқа неліктен қызықтың?
- Негізі пікірсайысқа аса қызығып бардым деп айта алмаймын. Мен алғашқыда турнирлерге бос уақытым көп болғаннан, мұғалімдер сұрағаннан баратынмын. Бірақ шамамен 2 ай өткеннен кейін, мен жарыстарға атмосфера мен достарыммен көрісу, даму үшін бара бастадым.
- Дебатқа енді қатыса бастағанда қандай қиындықтарға тап болдың және оларды қалай жеңе білдің?
- Мен пікірсайыста қалай ойымды жүйелі жеткізу керек екенін білмедім. Көпшілік секілді дебат алаңы тек ораторлық қасиетке назар аударады деп есептейтінмін. Дегенмен шын мәнінде пікірсайыста ораторлық емес, ойдың логикалық тұрғыдан жүйелі болуы мен сыни тұрғыдан мәнді болуы маңыздырақ екен. Осыны түсіну үшін ұзақ уақыт кетті.
- Пікірсайысқа қатысу арқылы бойыңда қандай дағдылар қалыптасты?
- Біріншіден, менің білім көкжиегім кеңейді. Пікірсайыс турнирлерінде саған қандай тақырып түсетінін білмейсің. Қарарлар экономика, әлеуметтік, саяси, мәдени салаларды қамтиды. Сондықтан, жаңалықтарды оқу әрбір пікірсайысшының әдеті деп айтуға болады, себебі сен барлығы жайлы білу керексің.
Екіншіден, тыңдай алу қабілеті. Пікірсайыста сөйлегеннен бөлек өзіңнің неге жеңетініңді түсіндіру үшін тыңдау қабілеті де аса маңызды.
Соңғысы – сыни ойлау. Жарыстарда тақырыпқа 15 минут ішінде аргумент құрып, қарсылас ойын болжай білу керек. Оған қоса сөйлеу уақытында сұрақтарға жауап беріп, салыстыра білу керек. Пікірсайысқа қатысу арқылы осы дағдыларды қалыптастырып, дамыта алдым.
- Пікірсайысқа қызығушылығы бар жас буынға айтар кеңесің бар ма?
- Міндетті түрде ұйымдастырылған барлық іс-шараға қатысу. Мен пікірсайысты бастаған кезде бізде ешқандай қосымша ресурстар болған жоқ, мектеп лигасы өте баяу дамыды. Қазіргі буынның ерекшелігі – олардың дамуына ЖОО пікірсайыс клубтары аса назар аударуда. Атап өтсек, тренингтер, менторлықтар, академиялар ұйымдастырылып жатыр. Ең тез дамуды тек тәжірибе арқылы ғана алуға болады.
Екіншісі – берілмеу. Әрбір пікірсайысшы мансабында кейде ұтылыстар болады. Бірақ осы ұтылыстар арқылы жас буын тек мықтырақ болатынына кәміл сенемін.
- Қазіргі қоғамдағы пікірсайыстың маңызын қалай бағалайсың?
- Пікірсайыс негізі ғасырлар бойы қалыптасқан өнер. Оның маңыздылығы ешқашан жойылмайды деп есептеймін. Оған себеп – дебат өміріміздің барлық салаларын қамтиды. Президент сайлауынан, ғаламдық мәселелерді шешу әдістеріне дейін. Пікірсайысты адамдар шындыққа жету құралы ретінде қолданғандықтан, оның өзектілігі жоғары деп ойлаймын.
- Сұхбат бергеніңізге рахмет!
Аружан Өмиртайқызы
Әлімхан Ермеков атындағы
№38 мектеп-лицей
11-сынып оқушысы