Спорт күні: Астанада 100 шаршылы дойбыдан қалалық чемпионат өтіп жатыр

Бүгін, 12:08
Айман Нығмет Айман Нығмет
views73
Спорт күні: Астанада 100 шаршылы дойбыдан қалалық чемпионат өтіп жатыр
фото: Сұлтан Сейіт

Спорт күніне орай елордадағы №89 мектеп-лицейде 100 шаршылы дойбыдан Астана қаласының чемпионаты басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Екі күнге созылатын чемпионатқа 120 спортшы қатысуға ниет білдірген. Жарыс ерлер, әйелдер, жастар, юниорлар, жасөспірімдер және балалар арасында жеке тәртіпте өтеді. 

Іс-шара Астана қаласында балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын оятып, оларды белсенді өмір салтына тартуға бағытталған. Сонымен қатар чемпионат салауатты өмір салтын насихаттап, қатысушылардың спорттық шеберлігі мен ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамытуды басты басымдықтардың бірі ретінде атап өтті. Осы мақсатта біз бүгінгі чемпионатты ұйымдастырып отырмыз. Бұл тек жарыс емес, бұл үлкен мен кішіні біріктіретін, ой-өрісті дамытатын, салауатты өмір салтын дәріптейтін маңызды шара. Аға буын өкілдерінен бастап, жастар мен жасөспірімдерге дейін зияткерлік дойбы ойынына қызығушылық танытып жатқаны қуантады. Бұл қадам қоғамның ой-өрісі мен салауатты өмір салтын ұстануға деген ұмтылысын нығайтады», - дейді  Астана қаласының дойбы федерациясы президенті Қалкеш Әбішев.

Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысатын Астана қаласының үздік дойбы шеберлері анықталатын болады.

Айта кетейік, дойбы - тарихы тереңге кеткен зияткерлік ойын. Зерттеулерге сүйенсек, ол шамамен 3500 жыл бұрын Ежелгі Мысырда пайда болған. Орта Азияға X ғасырда жетіп, XVIII ғасырда сауда жолдары арқылы қазақ даласына таралған. Қазақ жерінде дойбы өзіндік ережелермен дамып, халық арасында кеңінен тарады. Ұлы Абайдың өзі бұл ойынды ерекше ықыласпен ойнап, насихаттаған.