Шерзат ісі: Айыпталушылардың бірі өз түсініктемесінен бас тартты


Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Күдікті Шыңғыс Белғожаев өзі берген кейбір айғақтармен келіспейтінін айтты.
«Бәкі пышақтың сабымен ұрдым деген жерімен келіспеймін. Бәкі пышақтың сабымен ұрмағаным бізді қамағаннан кейін барып есіме түсті», - деді ол.
Сол кезде қорғаушы «Егер ұрмасаңыз, онда неге көрсеттіңіз?» деп сауал қойды.
«Ұсталған кезде бізге видеоларды көрсетіп, «міне, осылай ұрып жатырсыз» деп айтты», - деді Ш.Белғожаев.
Ал қорғаушының «Егер солай айтса, соған келісе бересіз бе?» деген сауалына күдікті сол уақытта шаршап тұрғанын, су, тамақ ішпегенін айтты.
«Тағы да кейбір жерлермен келіспеймін. Шатастырып тұрған жерлерім бар. Адамның аттары. Ол жерде төбелес болып жатқан соң барлығының іс-әрекетін көрмедім», - деді Шыңғыс Белғожаев.