«Салық төлеу, жылдық есептерді дұрыс тапсыруды үйрендім» – JolTap жобасы қатысушысы

Бүгін, 10:17
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
«Салық төлеу, жылдық есептерді дұрыс тапсыруды үйрендім» – JolTap жобасы қатысушысы
Фотоколлаж: Elordainfo.kz

Елордада жұмыс іздеп жүргендер үшін «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері жұмыc іcтейді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

18 бен 50 жас аралығындағы астаналықтар JolTap жобасына тіркеліп, цифрлық және жұмысшы мaмaндықтaрын қыcқa мерзімде тегін оқуына болады.

Астаналық Кәмшат Серік «Бухгалтерия негіздері» бойынша білімін жетілдіріп, салық төлеу, жылдық есептерді қалай тапсыру керегін үйренген. Ол жоба туралы әлеуметтік желідегі чаттардың бірінен естіген.

«Бұл жоба туралы  WhatsApp-тағы чаттардың бірінен оқыдым. Онда кез келген мамандықты аз уақытта тегін оқытатыны туралы жазылған. Содан «Неге оқып көрмеске?» деген ой болды. Келесі күні қаладағы пункттердің біріне барып, мамандардан ақпарат алып, «Бухгалтерия негіздері» бойынша курсқа тіркелдім. Оқытушылар салық төлеу, жылдық есептерді дұрыс тапсыру секілді бағыттарды қарапайым тілде түсіндірді. Арасында барлық сауалымызға жауап беріп отырды. Бастысы теория мен практиканы ұштастырдық», - деді ол.

Кейіпкеріміз курсты тәмамдаған соң өзге қатысушылар секілді сертификат алған.

«Бүгінгі таңда мен туристік агенттікте қызмет етемін. Отбасылық кәсіп болғандықтан, кейбір шаруаларды қатар алып жүруге тура келеді. Мысалы, кейде есепші, әкімші қызметтерін қатар алып жүремін. Бұл жобаға қатысудағы мақсатым – өз салам бойынша қосымша білім алу», - деді Кәмшат.

Ол алдағы уақытта трендтегі мамандықтар бойынша қосымша курстардан өтуді жоспарлап отыр.

«Бұл көпке пайдасы мол жоба, бастысы тегін. Сондықтан осы жоба арқылы  аз уақытта кез келген мамандықты игеріп алуға болады. Ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз», - деп сөзін түйіндеді ол.