Қосымша білім беруде бірыңғай ваучерлік жүйе іске қосылды

Бүгін, 15:21
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Қосымша білім беруде бірыңғай ваучерлік жүйе іске қосылды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

1 маусымнан бастап бірыңғай ваучер жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жоба – ведомствоаралық сипатқа ие, оны Мәдениет және ақпарат министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, сондай-ақ Цифрлық даму министрлігі  бірлесе іске асыруда, деп хабарлады Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Жобаның маңызды жаңалықтарының бірі – әділеттілікті қамтамасыз ететін бірыңғай кезектің енгізілуі. Енді балалар 12 санат бойынша кезекке қойылады, олардың қатарында әлеуметтік осал топтағы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар да бар.
Бұдан былай ваучер енді ұйымға емес, балаға бекітіледі. Бұл спорт, шығармашылық және білім беру бағыттары арасында еркін ауысуға мүмкіндік береді. Яғни қаржыландыру сақталады, ал қайтадан кезекке тұру талап етілмейді.

Қызмет ақысын мемлекет тек нақты көрсетілген сабақ үшін төлейді. Сабаққа қатысу цифрлық жүйе арқылы тіркеліп, ата-ана төлемді тікелей таңдаған үйірмеге жібереді. Егер үйірме балаға ұнамаса, ата-ана ваучерлік кезегін жоғалтпастан ешқандай құжатты қайта тапсырмай-ақ басқа ұйымды таңдай алады. Бұл – жүйенің икемділігін арттырып, баланың мүддесі мен қажеттілігін ескеруге жол ашады.

Белгіленген талаптарға сәйкес келетін барлық ұйымдар цифрлық платформа арқылы өз бетінше өтініш беруге құқылы. Тексеру мен мақұлдау рәсімінен өткеннен кейін, мұндай ұйымдар қызмет көрсетушілер тізіліміне енгізіледі.

Пилоттық жоба Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында өтеді. Аталған жүйе мемлекеттік және жекеменшік спорттық секциялары, шығармашылық үйірмелері мен қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді.
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі жобаны іске асыруда толыққанды ашықтықты қамтамасыз етіп, бақылауда ұстайды.