МИБ төрағалары үш жылға сайланады: 15 қыркүйектен кейін не өзгереді

7 тамыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views132
МИБ төрағалары үш жылға сайланады: 15 қыркүйектен кейін не өзгереді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2025 жылғы 15 қыркүйектен кейін мүлік иелері бірлестігінің төрағалары жалпы жиналыста үш жыл мерзімге сайланып, үй кеңесінің құрамында болады, деп хабарлады Elordainfo.kz ресми сайтына сілтеме жасап.

Төраға және кеңес құрамына үміткер ретінде бекітілу үшін кандидат пәтердің немесе тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі болуы тиіс. Сондай-ақ меншік иесінің отбасы мүшелері (жұбайы), балалары, ата-анасы және меншік иесімен тұрақты тұратын тұлғалар да қарауға жіберіледі.

Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы мүлік иелері бірлестігінің мүдделерін барлық сотта, мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда сенімхатсыз ұсынуға құқылы.

Сондай-ақ жиналыс немесе үй кеңесінің хаттамалық шешімдері сақталған жағдайда, егер мүлік иелері бірлестігінің төрағасы уақытша еңбекке жарамсыздық немесе өзге де себептермен он бес күнтізбелік күннен астам уақыт бойы өз функцияларын орындай алмаса, үй кеңесі мүлік иелері бірлестігі төрағасының міндетін уақытша атқарушыны кеңес мүшелерінің арасынан сайлайды, - делінген Астана қаласы әкімдігінің хабарламасында.

Алайда бұл мерзім жаңа мүлік иелері бірлестігінің төрағасы сайланғанға дейін алты айдан аспауы керек. Сондай-ақ төраға кондоминиум нысанын басқару үшін көппәтерлі тұрғын үйдің басқарушысы ретінде еңбек шартына отыруға құқылы. Ол үшін оған басқарушыны жалдау өкілеттігін беру туралы жиналыстың немесе үй кеңесінің шешімі қажет.

Көппәтерлі тұрғын үйдің басқарушысы Қазақстан Республикасының азаматы болуы және оның кәсіби біліктілігін растайтын құжаты болуы тиіс.

Еңбек шарты жасалып, ресімделгеннен кейін басқарушы кондоминиум нысанын басқару субъектілерінің және көппәтерлі тұрғын үйлердің басқарушылар реестріне енгізу үшін тұрғын үй инспекциясына ақпарат жібереді.

Осылайша, төраға үй кеңесінің функцияларымен бірге басқару қызметінде қалса, басқарушы еңбек шарты негізінде нысан бойынша негізгі қызметті жүзеге асырады.