«Мектепке жол»: елордадағы Достық үйінде қалалық ҚХА дәстүрлі қайырымдылық акциясын өткізді

Бүгін, 18:06
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views64
«Мектепке жол»: елордадағы Достық үйінде қалалық ҚХА дәстүрлі қайырымдылық акциясын өткізді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астаналық Қазақстан халқы ассамблеясы Достық үйінде дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Іс-шараға Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, республикалық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, сондай-ақ елордалық ҚХА мүшелері қатысты.

«Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында Қазақстан халқы ассамблеясы еліміздің түкпір-түкпірінде осындай шаралар ұйымдастырады. Біздің мақсатымыз – балалардың жаңа оқу жылына дайындалуына көмектесу, олардың мектеп сыныптарында толыққанды білім алуына жағдай жасау. Мысалы, өткен жылы біз 6,5 мың балаға жалпы сомасы 260 миллион теңгеге көмек көрсетіп, оларды мектепке қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз еттік. Биыл да акция жалғасып отыр. Бүгін 100-ден астам бала мектеп құралдарын алып, 1 қыркүйекте сабаққа еш кедергісіз барып, оқуын бастайды. Балаларды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Балаларға және ата-аналарға зор денсаулық, амандық, оқуда табыс тілеймін! Балаларымыз білімді, елінің лайықты азаматтары болып өссін!» – деді құттықтау сөзінде Марат Әзілханов.


Қайырымдылық акциясы барысында елордалық этномәдени бірлестіктер мен Аналар кеңесі мүшелерінің қаржылай қолдауымен 100-ден астам бала мектеп сөмкелерімен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді.

«Ассамблея «Мектепке жол» акциясына біздің 20 баланы шақырды. Олар үшін кеңсе тауарлары салынған сөмкелер дайындалды және анимациялық бағдарлама ұйымдастырылды. Қазіргі таңда біздің «Бақытты шаңырақ» қорында 1 150 отбасы мен 1 189 мүмкіндігі шектеулі ата-ана тіркелген. Жалпы балалар саны – 2 198», – деді қордың үйлестірушісі Марина Ахметшина.

Ал Астана қаласы орыс қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Андрей Авдеев өз сөзінде бұл акцияның Ассамблеяның жаңа шығармашылық маусымының басталуына негіз болатынын атап өтті.

«Мейірімділік – өркениетті қоғамның негізі. Мұндай бастамаларды шын жүрекпен қабылдай отырып қана, адам өз адами қасиетін танытады. Әрбір келген адам қатыса алады. Тіпті шағын үлес қосу арқылы да мұқтаж отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесуге болады. Тізімдер әкімдікпен және Достық үйінің әкімшілігімен бірлесіп жасалады. Биыл көптеген бірлестіктер өз қаражаттарына қосымша сөмкелер мен оқу құралдарын сатып алды. Біз қайырымдылық акцияларын тұрақты түрде өткізіп келеміз – 1 қыркүйекке, Жаңа жылға, Рождествоға және мемлекеттік мерекелерге орай», – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Биыл елордада бұл шарамен 8 500-ден астам баланы қамту жоспарланып отыр.