Театрға экскурсия: «Астана Опера» туралы не білеміз
Әлемдегі бірегей, Орта Азиядағы ең ірі театрлардың бірі болып саналатын «Астана Опера» - өнер ордасы ғана емес, шаһардағы көрнекті ғимараттардың бірі. Демек, еліміздегі мәдени туризмді дамытуға қосар үлесі де мол. Ал бас қаламыздағы ғажайып ғимарат көпшілікті несімен қызықтырады? Elorda.info тілшісі бұл сауалдың жауабын білу үшін театр маусымының жабылуы қарсаңында аталған айшықты мәдениет ошағына барды.
«Астана Опера» театры директорының орынбасары Малика Төлегенованың айтуынша, театр соңғы маусымда өте көп көрермен жинаған. 1,5 айда өнер ордасының табалдырығын аттаған 15 мыңнан астам адамның ішінде отандастарымызбен қоса шетелдіктер де бар. Оның ішінде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Түркия және АҚШ сынды мемлекеттерден келген қонақтардың қарасы мол болыпты.
«Бұл мемлекетімізде болып жатқан жоғары деңгейдегі іс-шараларға да байланысты. Сондай-ақ театрымызға туристердің көп келуі «Опералия» халықаралық фестивалі күндерімен сәйкес келді. Бұған қоса кішкентай көрермендеріміз экскурсияға жиі келеді. Оларға қызықты болуы үшін сахна сыртындағы әлеммен таныстырамыз. Соның ішінде бутофор цехы, декорация мен нота сақталатын залдар, гардероб және гримерлік бөлмелер балалардың ерекше қызығушылығын оятады», - деп түсіндірді туристердің көп келу себебін театр басшылығы.
Опера және балет театры - Италиядағы La Scala сияқты көне театр болмаса да, жаңа театр әлем сахналарының бар жақсылығын өн бойына жинаған.
«Ғимараттың бой көтеруіне 33 мемлекеттің шеберлері атсалысқан. Оның ішінде Италия, Албания, Марокко, Франция, Швейцария, Ресей және өзіміздің отандық құрылысшылар да бар. Ал негізгі құрылыс компаниясы Mabetex Group болды. Жоба авторы Беджет Паколли болса, архитекторы Ренато Аркетти еді. Театрдың құрылыс жұмыстары 2010 жылы басталып, 3 жылға жалғасты, - дейді М.Төлегенова театрдың көрнекті залдарымен таныстыру барысында.
Театрдың төбесіндегі Қанат Нұрбатыровтың сақ патшайымы Томиристің бейнесіндегі квадригасы алыстан көз арбайды. Ал кіреберісте қобызшы мен жетігеншінің мүсіні ғажап әлемге шақырып тұрғандай. Ал бұл мүсіндер Тоқтар Ермеков пен Мұрат Мансұровтардың қолынан соғылған болатын.
«Қазір біз сізбен театрдың фойесінде тұрмыз. 500 адамға лайықталған бұл зал мәрмәр залы деп те аталады. Залдағы барлық бағаналар, баспалдақтар және едендер Сицилиядан әкелінген табиғи таспен көмкерілген. Жалпы, театр салынғанда табиғи мәрмәр, жез және мыс қолданылған. Қабырғалардағы суреттердің барлығы Мароккодан арнайы шақыртумен келген суретшілердің қолымен салынған. Әрі бұлардың барлығы 3Д техникасымен кескінделген, әр қырынан қарасаң әртүрлі болып көрінеді. Онда Шарын шатқалы, Бурабай көлдері сияқты еліміздің сулы-нулы жерлері бейнеленген. Жалпы алғанда, театр ғимараты классикалық стильде салынған. Маньеризм және барокко элементтері басым. Десек те ұлттық нақыш та ескерілген. Бірінші қабаттың қабырғалары қазақтың алтын жалатылған ою-өрнектерімен көмкерілген. Жаңа технологиялар пайдаланылғандықтан, заманауи элементтер де аңғарылып тұрады», - деді театр директорының орынбасары.
Ал мәрмәр залға кірген адамның көзі фойенің қақ төбесінен су тасындай моншақтап тұрған аспалы шамға түспей қоймайды. Богемдік хрустальдан жасалған бұл шамның салмағы 1 тонна 600 кг екенін естігенде таң-тамаша қалдық.
Әрі қарай театрдың жүрегі – үлкен зал басталды. Театрдың аумағы 64 мың шаршы метрді алып жатса, үлкен сахнаның ауданы 3 мың шаршы метрді құрайды.
«Сахнаның алдыңғы бөлігі, екі қапталы және артындағы «ариер» деп аталатын бөлігі бар. Бұл негізгі декарациядан бөлек, тағы қосымша 3 декорация дайындап қояға мүмкіндік береді. Ал жылжымалы сахна арқылы көрнекіліктерді жылдам әрі дыбыссыз ауыстыруға болады. Сонымен қатар, сахнаның алдында оркестр шұңқыры бар. Бұл бірнеше платформалардан құрылған, қажет кезде мұны сахна деңгейіне көтеруге болады. Сол кезде сахна көлемі тіптен үлкейіп кетеді. Үлкен залдың сыйымдылығы 1250 орындық», - дейді М.Төлегенова.
Театрға Президентіміздің өзі әр маусымда бірнеше рет келіп, осы үлкен залда классикалық өнер туындыларын тамашалап кетеді екен.
Ал өзге залдардан анағұрлым кішірек әрі қарапайым жасақталған камералық залдың сыйымдылығы - 250 орындық. Бұл жерде әртістердің жеке кештері, ансамбльдер өнер көрсетеді. Кішкентай көрермендерге арналған концерттер болады. Десе де, шағындығына қарамастан, жайлы екен. Акустикасы жағынан да өзге залдардан еш кем түспейді. Өйткені театрдағы дыбыстың естілуі жоғары деңгейде болуы үшін мамандар жұмыс істеген. Бір сөзбен, театрда әр дыбыс партерден балконға дейін анық естіледі. Ал қойылымдардың барлығы дерлік жанды дауыспен, оркестрдің сүйемелдеуінде орындалады.
«Барокко залы 50-60 адамға шақталған. Театрдағы күн сәулесі молынан түсетін зал. Мұнда көбіне іс-шаралар, бас қосулар өтеді», - деді М.Төлегенова.
Ал «Сахна шежіресі» көрмесіне Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Майра Мұхамедқызы сияқты қазақтың опера және балет өнерінің негізін салушылардың сахналық образдары қойылыпты.
«Еліміздің опера және балет театрының майталмандарының ізін жалғаған талантты әртістеріміздің жоғарғы шеберлігін мақтан тұтамыз. Мысалы, балеттен Мәдина Өнербаева, Әйгерім Бекетаева, Бақтияр Адамжан, сияқты жетекші солистеріміз бар. Опера орындаушылары Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова, Медет Чотабаев, театрдың бас дирижері Алан Бөрібаевтар әлемге әйгілі», - дейді сұхбаттасымыз.
Үлкен ұжымның құрамында опера, балет труппасы, хор, оркестр бар. Жалпы, қызметкерлерінің саны мыңға жуық.