Әлемге әйгілі әнші елордаға деген сүйіспеншілігін білдірді


Ұлыбританиялық жұлдыз Craig David 13 шілде күні Astana Arena сахнасында өткен ауқымды Älem Fest фестивалі аясында мыңдаған көрерменнің алдында өнер көрсетті. Сахнадан ол астаналықтарға қонақжайлығы үшін алғыс айтып, соңғы келгенінен бері Астананың қалай өзгергенін атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Әр ән сайын сіздермен бірге билегім келеді. Мұнда соңғы рет бес жыл бұрын келген екенмін, содан бері қала көркейе түскен. Ол кезде де мені өте жылы қарсы алған едіңіздер, ал қазір одан да ыстық ықыласпен күтіп алдыңыздар. Сіздердің мәдениеттеріңіз қызығарлықтай, бір-біріңізге деген сүйіспеншіліктеріңіз бен қолдауларыңыз ғажап. Мұны шын жүрегіммен сезіп тұрмын. Мен сіздерді жақсы көремін, ризамын, сіздерді бағалаймын», – деді әнші.
Оның өнері көрермендерге ерекше әсер қалдырды: жұрт қошемет көрсетіп, сүйікті әртістерімен бірге ән айтып, би биледі.
Еске сала кетейік, ALEM FEST – Қазақстанда оқиғалы туризмді дамытуға үлес қосатын ауқымды мәдени жоба.
Фестиваль аясында әлемдік және қазақстандық сахнаның жұлдыздары өнер көрсетті. Олар: Sadraddin, Ёлка, Alem, IOWA, Банд’Эрос, Доминик Джокер және DJ Groove.



