Ұландықтар Есіл өзенінде ерекше концерт қойды

Ұландықтар Есіл өзенінде ерекше концерт қойды
Фото: ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Астанада ІІМ Ұлттық ұланының әскери музыканттары су бетінде ерекше музыкалық қойылым өткізді. Бұл тың форматтағы концерт Елорда күніне орай ұйымдастырылған «Әскери керней» XI әскери-музыкалық фестивалінің аясында өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Есіл өзенімен жүріп өткен су көлігінің бортында Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрі танымал патриоттық марштарды, заманауи шығармаларды және халық әндерін орындады. Жағалауда серуендеп жүрген қала тұрғындары мен қонақтары қозғалмалы сахнадан орындалған музыканы зор ықыласпен қабылдап, қошемет көрсетті.

«Мұндай формат - тек көрермендер үшін ғана емес, біздің музыканттар үшін де жаңа тәжірибе. Біз елорда тұрғындарына ерекше көңіл-күй мен жарқын әсер сыйлағымыз келді. Бұл сәт олардың есінде ұзақ сақталады деп сенемін», - деді оркестрдің дирижері Төрехан Жаудинов.

Өзен үстіндегі қойылым іс-шараның басты ерекшелігіне айналып, әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Желі қолданушылары оның креативтілігін атап өтіп, бейнежазбалар мен фотолармен бөлісті.

Айта кетейік, жыл сайын ұйымдастырылатын «Әскери керней» фестивалі әскери-музыкалық өнерді дамытуға, күштік құрылымдар мен қоғам арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, сондай-ақ жастардың патриоттық тәрбиесін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар «Ғашықтар», «Жерұйық» және «Жетісу» саябақтарында Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының орталық ансамблі мен әскери оркестрі, Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблі және ҰҚК Шекара қызметінің орталық ансамблі өнер көрсетті.