Ерлікке тағзым: Полиция күніне арналған ерекше кездесу


Қазақстан полициясы күніне орай Астана қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Эльдар Данияров кәсіби мерекемен полиция капитаны Архат Рақышевті арнайы құттықтап, оның ерлігіне алғыс білдіріп, құрмет көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2023 жылдың желтоқсан айында капитан Архат Рақышев жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, апатты жағдай туғызған Howo жүк көлігін байқап, тәуекелге бел буып, қозғалыстағы көліктің кабинасына секіріп мінді. Алайда, жүргізуші қарсылық көрсетіп, полиция қызметкерін жолға итеріп жіберген. Соның салдарынан офицер ауыр жарақат алды.
Көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін капитан Рақышев «Айбын» II дәрежелі орденімен марапатталды.
Кездесу барысында Эльдар Нұрланұлы мұндай ерлік оқиғалары кәсіби рух пен қызметке адалдықтың негізі болатынын атап өтті:
— Архат — жай ғана офицер емес, ол қиын сәтте қоғам қауіпсіздігін өз өмірінен жоғары қойған адам. Бұл әрекет — нағыз ерлік пен антына адалдықтың символы. Мұндай үлгілер – қазақстандық полицияның рухы мен абыройын қалыптастырады, — деді ол.
Архатқа батылдығы, мінезінің беріктігі және қызметіне адалдығы үшін алғыс сөздері айтылды. Бұл – тек міндет емес, жүректен шыққан қызмет.



