Елордамыздың болашағын бірге құрамыз – депутат

10 желтоқсан, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Елордамыздың болашағын бірге құрамыз – депутат
Фото-коллаж: Elordainfo.kz

Бүгін ресми түрде ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшірген күн. Алматыдан Сарыарқаға бет алған халық алда үлкен өзгерістер болатынына күмәнмен қарағаны рас. 1997 жылдың 10 желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Астана елдің бас қаласы болып жарияланды. Бұл тарихи шешім еліміздің болашағы үшін маңызды қадам болды. Мұндай пікірді Elordainfo.kz тілшісіне Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев айтты.

27 жылдың ішінде шаһардың инфрақұрылымы түбегейлі өзгерді. Архитекторлар мен құрылысшылардың жемісті еңбегінің арқасында елорда сәні мен сәулеті келіскен қалаға айналды.  

«Бұл тарихи шешім еліміздің болашағы үшін маңызды қадам болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Бұл қадам елдің саяси, экономикалық және мәдени дамуына үлкен серпін берді. Астананы көшірудің маңызы –  зор. Біріншіден, бұл шешім Қазақстанның геосаяси жағдайын нығайтты. Астана елдің орталығында орналасқан соң барлық өңірмен байланыс орнату жеңілдеді. Екіншіден, елорда еліміздің экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қалада жаңа жұмыс орындары ашылып, инфрақұрылым дамыды», - деді халық қалаулысы.

Жыл сайын қалада тұрғын үй, әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы қарқыны артып келеді.

«Ел болашағы үшін көптеген оң өзгерістер әкелді. Қала заманауи архитектурасымен, жаңа ғимараттарымен және инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Сонымен қатар Астана халықаралық деңгейде танымал қалаға айналды. Мұнда көптеген халықаралық іс-шаралар, форумдар мен саммиттер өткізіліп жатыр. Соңғы жылдары қарқынды дамып, заманауи мегаполиске айналды. Бұл өзгерістер қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруда», - деді спикер.

Елорданы ауыстыру туралы тарихи шешім үлкен өзгерістерге жол ашты. 

«Қазір өткен күндерге шолу жасасақ бұл шешімнің дер кезінде және дұрыс болғанын бүгінгі таңда көріп отырмыз. Астана еліміздің жүрегі, оның болашағы әлі алда. Қала одан әрі дамып, жаңа белестерді бағындыратынына сенімдімін. Елордамыздың болашағы жарқын және біз оны ел болып бірге құрудамыз», - деп сөзін түйіндеді Ерлан Әбдиев.