Елордалық мәслихатта балалардың жол қауіпсіздігі мәселесі талқыланды


Астана қаласы мәслихатының кезекті отырысында балалардың жол қауіпсіздігі мәселесі қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл бағытта нақты ұсыныстар мен шешімдер қабылдау үшін жауапты мемлекеттік органдар – Әкімшілік полиция басқармасы, Білім басқармасы, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының өкілдері шақырылды.
Отырыста мектептер мен балабақшалар маңындағы жол қозғалысына қатысты жүйесіздікке ерекше назар аударылды. Өкінішке қарай, жаңа мектептер жол инфрақұрылымынсыз, жаяу жүргіншілер өткелдері мен қауіпсіздік аймақтарынсыз пайдалануға беріліп жатыр. Құрылыс компаниялары жобаларды полициямен келісіп алмай, балалардың қауіпсіз қозғалысына жағдай жасамай отыр. Бұл – өткен жылдардағы қайғылы оқиғалардан сабақ алмағанымыздың көрінісі.
«Мектептерге жақын маңда жүк көліктерінің еркін қатынауы мәселесі өзектілігін жоғалтпай отыр. Бұл бағытта шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қазіргі уақытта депутаттық корпус осы саладағы барлық тәуекелдерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне өзгерістер енгізу жөнінде нақты ұсыныстарын Мәжіліске жолдайды. Енді уәкілетті органдардан өз ұсыныстарын күтеміз», - деп жазды Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден.