Елордалық ұландықтар жоғалған баланы тапты

Елордалық ұландықтар жоғалған баланы тапты
Фото: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ұлттық ұланның 5573 жедел құрамасының сарбаздары жоғалған баланы  тауып, аман-есен анасына табыстады, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Қала тыныштығын қадағалау қызметін атқару барысында сағат 19:15 кезінде әскери жасақ бастығы Ислам Қаппас пен патрульші Отабек Пардаев адасып жүрген 10 жасар қыз баланы байқап қалады. Бұл туралы байланыс құралдары арқылы патрульдік топ бастығы кіші сержант Мейірбек Эргашовқа бірден баяндайды. Жедел ұйымдастырылған іздестіру шараларының нәтижесінде баланы анасына табыстады. Баласымен қауышқан ана ұландық жауынгерлерге шынайы ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ сол күні сағат 20:30 шамасында әскери тізбекте тұрған қатардағы Ақниет Қозыбай қызмет өткеру кезінде «iPhone 14» ұялы телефонын тауып алды. Жауынгер дереу тиісті шаралар қабылдап, смартфон иесін анықтады. Көп ұзамай телефонды иесіне табыстады. Өз кезегінде азаматша сарбаздардың адалдығы мен жедел әрекетіне алғыс білдірді.

Аталған оқиғалар ұландықтардың тек жауынгерлік тапсырмаларды орындаумен ғана шектелмей, қоғам алдындағы азаматтық парызын абыроймен атқарып жүргенін айғақтайды. Әскери қызметшілердің мұндай іс-әрекеттері – ел сенімінің тірегі, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі.