Елордалық дербиден кейін жас футболшылар стадионды тазалады

Қазақстан футбол Премьер-лигасының 22-турынан кейін «Астана Арена» стадионында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана қаласының №8 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің тәрбиеленушілері футбол матчы аяқталған соң, трибуналарда қалған қоқыстарды жинап, стадион аумағын тазартуға белсене атсалысты.
Шараға қала тұрғындарына жақсы таныс «Тазабек» атты бойшаң қуыршақ та қатысты. Ол жиналған көрермендерді тазалыққа шақырып, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды насихаттады.
Айта кетейік, дәл осы күні «Астана Аренада» елордалық дерби өтіп, «Жеңіс» пен «Астана» футбол клубтары арасындағы ойын нағыз шоу сыйлады. 90 минутқа жалғасқан матчта көрермендер 5 гол, 1 қызыл қағаз, 7 ескерту, 1 пенальти және ысқырық шалынғанша, толассыз тартысқа куә болды. Нәтижесінде «Жеңіс» ұжымы 3:2 есебімен жеңіп, осы турдың басты сенсациясын тіркеді.
Бұл жеңістен кейін «Астана» футбол командасы 43 ұпаймен турнир кестесінде 2-орынға түсіп қалды. Ал 11 матч бойы жеңіліссіз келе жатқан «Жеңіс» 31 ұпаймен жетінші орынға жайғасты.



