Елордадан қыс басталғалы миллион текше метрден астам қар шығарылды
Астананың коммуналдық қызметтері қар мен мұзды күреу бойынша тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Қыс мезгілі басталғалы қаладан миллион текше метрден астам қар шығарылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
19 желтоқсанда күндізгі ауысымға қала көшелерінің қарын күреуге 2,6 мыңнан астам жол жұмысшысы мен 1 200-ге жуық арнайы техника шықты.
19 желтоқсанға қараған түні қар полигондарына 639 ауыр жүк рейсімен 8,4 мың текше метрден астам қар шығарылды.
Қыс мезгілі басталғалы бері елордадан 92 188 рейспен 1,1 млн текше метрден астам қар шығарылды.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
«Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз», - делінген хабарламада.