Елордада жыл басынан бері 5 қаржы пирамидасы анықталды
Елордада жыл басынан бері 5 қаржы пирамидасы анықталып, бір адам бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы бүгін Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қаржылық мониторинг агентігінің Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен тұрақты негізде Астана қаласының аумағында қаржылық пирамидалардың жолын кесу және жою бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
Былтыр Sinsera Systems», «Best Road Investment», «Q-NET», «Antares Trade», «Bussines process technologies», «Sterling Invest», «Life is good», «Finiko», «Chai Tai Pharmaceutical», «Eolus Kazakhstan», «Семейный капитал»,«PLATIN COIN» сияқты он екі қаржылық пирамида жойылған.
«Қаржы пирамидасын құруға қатысты 13 эпизодтан тұратын 10 іс сотқа жолданды. Ол үшін 16 тұлғаға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, 156 817 410 теңге сомасында мүлкі тәркіленіп, сот үкімдері бойынша жәбірленушілерге тәркіленген мүліктен 1 126 238 654 теңге өтемақы өндірілді», - деді Тергеу басқармасының басшысы Тимур Мұқанов.
Сонымен қатар ол биыл 5 қаржы пирамидасы жойылып, 4 іс сотқа жіберілгенін атап өтті.
«Олар бойынша 181 060 070 теңге өтелді, 231 415 897 теңгеге қамау қойылды, мүлкі тәркіленіп, 1 тұлға 6 жылға бас бостандығынан айырылды, 3 іс қарау сатысында», - деді ол.