Елордада жаңа «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылды

1 сәуір, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елордада жаңа «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылды
фото: Сұлтан Сейіт

1 сәуірден бастап Астана қаласы әкімдігінің «Сарайшық» ауданы бойынша «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» өз жұмысын бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бүгін жаңа орталықта оңалту гимнастикасы мен теннистен, тоғызқұмалақтан, егде жастағы адамдарға арналған фитнестен алғашқы сабақтар өтті.

фото: Сұлтан Сейіт

Астана қаласы әкімдігінің БҰӨСО Әлеуметтік қызметтерді ақпараттық ілгерілету бөлімінің басшысы Меруерт Нұрғалиеваның айтуынша, орталықта зейнеткерлерге арналған 20-дан астам үйірме бар. 

«Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қарияларға қамқор болып, қала зейнеткерлеріне әлеуметтік-сауықтандыру, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-еңбек, бос уақыт өткізу бағытында әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетуде. Зейнеткерлер үшін 20-дан астам үйірме мен 30-ға жуық клуб бар. Үйірме жұмыстары негізінен сауықтыруға бағытталған. Қала бойынша ашылған орталықтар зейнетке шыққан егде адамдардың қоғамнан шет қалмауы үшін бос уақыттарын белсенді өткізіп, оларды әлеуметтендіру бағытында жұмыс істеп келеді. Позитивті жақсы ой, сергек қимыл белсенді өмір сүру адамдардың өмірін ұзартады. Сол себепті "Сарайшық" ауданының зейнеткерлерін жаңадан ашылған орталыққа шақырамыз. Барлық үйірмелер тегін», - дейді Меруерт Нұрғалиева.

фото: Сұлтан Сейіт

Орталыққа келіп тіркелу үшін зейнеткердің жеке куәлігі, зейнеткер кітапшасы, Астана қаласында тұрғылықты жері бойынша тіркеуі болуы қажет.

«Сарайшық» ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Ақсұлу Нұрланованың сөзінше, орталыққа зейнеткерлерді тіркеу 17 наурыздан басталып, бүгінде 60 адам тіркелген.

«Біздің мекемеде зейнеткерлер үшін тегін үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Бүгінде оңалту гимнастикасы, тренажерлық зал, йога, скандинавиялық серуен, тоғызқұмалақ, шахмат, теннис, еңбек терапиясы, әлеуметтік желілер үйірмелері мен профилактикалық массаж бар. Алдағы уақытта «Сарайшық» ауданында әлеуметтік-сауықтыру, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-әуесқой бағытында үйірмелер ашу жоспарда бар», - дейді Ақсұлу Нұрланова.

фото: Сұлтан Сейіт

Жаңадан ашылған орталық «Жұлдыз» тұрғын үй кешенінде А-91 көшесі, 16 мекенжайында орналасқан. Сонымен қатар орталық филиалдары «Алматы» ауданы бойынша Р. Қошқарбаев көшесі, 29/1 үйінде, «Байқоңыр» ауданы бойынша Абай көшесі, 46 үйінде, «Есіл» ауданы бойынша Достық көшесі, 13 үйінде, «Сарыарқа» ауданы бойынша Бейбітшілік көшесі, 25 үйінде, «Нұра» ауданы бойынша Төлеби көшесі, 44 үйінде орналасқан. 

фото: Сұлтан Сейіт

Айта кетейік, бүгінде елордада 15 мыңнан астам қала зейнеткері тегін үйірмелер мен секцияларға қатысып жүр.