Елордада ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу күніне орай акция өтті
Елордада Халықаралық ЖИТС құрбандарын еске алу күніне орай 15 мамыр мен 21 мамыр аралығында апталық жарияланды. Осыған орай «Astana Polytechnic» жоғары колледжінде студент жастардың қатысуымен кең ауқымды акция ұйымдастырылды, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.
Жыл сайын мамырдың үшінші жексенбісінде Дүние жүзінде Халықаралық деңгейде ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу күні өткізіледі. 1983 жылы алғаш рет жарияланған бұл күн – бүгінде 115 елде 1200 қоғамдық ұйым ұйымдастыруымен өтетін ең үлкен іс-шаралардың бірі.
Колледжде өткен акция барысында концерттік ойын сауық бағдарламалары көрсетіліп, жастар арасында түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Бұл акция қоғам назарын аудару арқылы ЖИТС-тың алды алу және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды қолдау мақсатында өткізіліп отыр. Елордадағы АИТВ-ның қазіргі ахуалына туралы орталық директорының орынбасары айтып берді.
Астана қаласында АИТВ-инфекциясын анықтауға жыл сайын 300 мыңнан астам адам тексеріледі. Тестілеудің көлемі жыл сайын орта есеппен 12-15 пайызға ұлғаюда. Ерте тестілеудің арқасында 84 пайызы аурудың 1-2 сатысында анықталады. Соңғы 20 жылдан астам уақыт ішінде елордада АИТВ алдын алудың арқасында ауру жұқтырған әйелдерден 280 дені сау бала дүниеге келді. Қазіргі таңда Астана қаласында 1968 науқас диспансерлік есепте тұр. Антиретровирустық терапияның арқасында АИТВ-инфекциясы созылмалы жұқпалы аурулар қатарына еніп, өлім-жітім азайды. Әлем бойынша соңғы 10 жылда ЖИТС-тен өлім-жітім 47 пайызға қысқарды,- деді қалалық АИТВ орталығы директорының орынбасары.
Акция барысында студенттер тегін түрде мамандардан кеңес алып, АИТВ-ға жедел тестілеуден өтуге мүмкіндік алды. Олар 15 минут уақыт ішінде нәтижесін көре алды.
Апталықтың соңғы күні қаламыздағы көрнекті «Бәйтерек», «Ханшатыр» және Қазақстан Темір Жолы бас кеңсесінің ғимараттары кешкі уақытта АИТВ-ның символының түсі, яғни қызыл түске боялып жанатын болады.
Айта кетейік, Астана қалалық АИТВ – инфекциясының алдын алу орталығының ұйымдастырумен өткен шараға Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Білім басқармасы, Қалалық оқу орындарының студенттері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.