Елордада жаңа деректі фильмнің тұсаукесері өтті
Бүгін Астана мемлекеттік филармониясында «Таста сақталған тарих» танымдық-деректі фильмінің таныстырылымы ұйымдастырылды, деп хабарлады Elorda.info.
Кинокартинада қазақтың үш арысы туған Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы археологиялық тарихи ескерткіштер мен ғажайып табиғат құбылыстарының басым бөлігі көрініс тапқан.
«Былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып кірсе, биыл Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы туған жер тарихын жан-жақты танып-білу және оны қорғап, сақтау бағытында тапсырма бергені белгілі. Осы екі оқиға мені ежелден тарихи ескерткіштерге бай Сарыарқаның өңірі – Ақтоғай ауданында деректі фильм түсіру жөніндегі ойға жетеледі. Менің бұл ойымды аудан әкімдігі қолдады. Сөйтіп, бюджеттің қаржысын пайдаланбастан, аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлеріне ғана арқа сүйеп, «Таста сақталған тарих» деген фильмді ерікті түрде түсірген болатынбыз», - деді фильмнің идеялық авторы және режиссері, белгілі өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан.
Фильмнің мақсаты – Ақтоғай жеріндегі тарихи ескерткіштерді, археологиялық кешендерді, табиғат құбылыстарын жастарға таныстырып, болашаққа аманаттау.
«Қазір жас ұрпақтың өз туған жерінің табиғатын танып-білуге деген құштарлығы болуы мүмкін, бірақ оны танытатындай қажетті насихат құралдары өте аз. Мәселен, осы уақытқа дейін жекелеген ғалымдардың зерттеулері болмаса, тарихи ескерткіштер, таңбалы тастар мен мүсін тастар түбегейлі зерттелген жоқ. Бұл тұрғыда «Таста сақталған тарих» оқушылар мен жастарға әліппе іспеттес қажетті оқу құралына айналады деген ойдамыз. Бұл арқылы біз әр адамның туған жерін танып-білуіне, құрметтеуіне деген ықылас-зейінін ашуды мақсат тұттық», - деді бұл туралы фильм режиссері.
Жаңа фильмнің тұсаукесері бұған дейін Ақтоғай ауданында және Қарағанды қаласында өткізілді. Елордадағы таныстырылымнан кейін фильм әлеуметтік желілерге жүктелмек.