00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада суға батып бара жатқан баланы құтқарған оқушы марапатталды

Астанада суға батып бара жатқан баланы құтқарған оқушы марапатталды
фото: gov.kz

Астанада 11-сынып оқушысы Марлен Көшербай ерлігімен көзге түсіп, өзенге батып бара жатқан бүлдіршінді құтқарып қалды, деп хабарлады Elorda.info қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

№52 мектеп-гимназиясының 11 «А» сынып оқушысы Марлен Көшербай елордалық үйлердің бірінің қасында өзенге батып бара жатқан баланы құтқарып қалды.

12 мамыр күні сағат 11 шамасында Марленді қарындасы оятып, өзенге бір баланың батып бара жатқанын айтады.

Марлен бірден үйдің жанындағы өзенге қарай жүгіріп, суға батып бара жатқан бүлдіршінге көмекке ұмтылып, судан аман-есен шығарып алды.

Марлен Көшербай – оқу үздігі, спортпен тұрақты айналысады. Белбеу күресінен жасөспірімдер арасында Астананың ашық біріншілігінде 55 келі салмақта алтын медаль жеңіп алған. Сол сияқты «Аршалы барысы» турнирінің ІІ орын иегері. Кішкентайынан көкпарға қатысады.

Бейбіт заманның батыры өз сөзінде кішкентай баланың өлім мен өмірдің ортасында тұрғанын көргенде, ойланбастан көмекке ұмтылғанын айтты. Бүгін Марлен көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Астана қаласы Білім басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаментінің атынан марапатталды.