00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада әртүрлі этнос өкілдері Көрісу күнін бірге атап өтті

14 наурыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада әртүрлі этнос өкілдері Көрісу күнін бірге атап өтті
Фото: Сұлтан Сейіт

Астанада Достық үйінде Аналар және Ақсақалдар кеңестері, «Ассамблея жастары» РҚБ филиалы жастары және түрлі этнос өкілдері көрісу күнін атап өтті, деп хабарлайды Elorda.info.

Достық үйінде өткен мерекелік шарада ассамблея мүшелері Амал күнінде жасалатын рәсімді көрсетті. Көрісе келген  қонақтар бір-бірімен амандасып, өз өнерлерін көрсетті.

 Олар өз жүрекжарды жылы лебіздерін білдіріп, ас-дәмдерін ұсынды. 

Астана қаласы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Алтынай Тәңірбергенованың сөзінше, көрісу күніне  әрбір отбасы ерекше дайындалады. 

Елімізде жыл сайын 14 наурыз күні Көрісу күні атап өтіледі. Осыған орай біз бүгінгі жиынға келіп отырған қонақтарымыз бен жастарға Амал мерекесінің мағынасын түсіндіріп, бірге атап өтіп жатырмыз.  Қазіргі жастар міндетті түрде осы мерекенің маңыздылығын түсіну керек деп ойлаймын. Бұл қуаныш мерекесіне әрбір отбасы ерекше дайындалады. Олар бауырсақ пісіріп, дастархан жаяды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір–біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. - дейді Алтынай Тәңірбергенова.

Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ырыскелді Қажы» мешітінің имамы Жақия Қажы Исмаилов та қатысып, өз жылы лебізін білдірді.

Бүгін біз еліміздің батыс аймағына берік орныққан Амал күнін тойлап жатырмыз. Бұл дәстүрді жыл сайын халық күтеді. Көктем келісімен қуанышты күндер басталады. Атап айтқанда, алдымен Амал күнінен басталып әріқарай Наурызды тойлаймыз. Еліміз Тәуелсіздік алғалы ұлттық мейрамдар жаңара бастағаны қуантады. Көрісу күнінде біреуге реніші бар адамдар өкпесін ұмытып, ренжіскен адамына кіріп көріседі. Осылайша, арадағы суық қарым-қатынастың жібі үзіліп, адамдар бір-бірімен қайта табысады. Барша жиналған қауымды Көрісу күнімен құттықтаймын. Айлардың сұлтаны Рамазан айында барлығымыздың ниетіміз қабыл болсын,- деді Жақия Қажы Исмаилов.

Айта кетейік, бүгін елордада Амал мерекесіне орай білім беру ұйымдарында әртүрлі іс-шаралар өтіп жатыр.