Елордада қоғамдық орындарда патрульдеу жұмысы күшейтілді

Бүгін, 13:21
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views51
Елордада қоғамдық орындарда патрульдеу жұмысы күшейтілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында елордада полиция «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Іс-шараның негізгі мақсаты – заңсыз жолаушы тасымалдаумен айналысатын тұлғаларды және такси ретінде рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралдарын анықтау. Осы мақсатта мобильді топтар құрылып, әкімшілік полиция мен мамандандырылған бөлімшелердің қызметкерлері бірлесіп рейдтік шаралар жүргізуде. Көшелер мен адамдар көп жиналатын орындарда патрульдеу жұмысы күшейтілді.

Іс-шара басталғалы бері такси қызметін заңсыз көрсеткен азаматтарға қатысты оннан астам құқық бұзушылық дерегі анықталды. Сонымен қатар жүк пен багажды тасымалдау ережелерін бұзу, техникалық байқаудан өтпеген көліктерді басқару, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану және қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты заңбұзушылықтар тіркелді.

Полиция департаменті азаматтарға жолаушыларды тасымалдау қызметін тек тиісті рұқсат құжаттары бар және техникалық тұрғыдан жарамды көлік құралымен ғана жүзеге асыру қажеттігін ескертеді. Заң талаптарын бұзғандар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Жолаушылардың қауіпсіздігі – жүргізушілердің тәртібі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін полиция тағы бір мәрте еске салады.