Елордада тыйым салынған граффити мен жарнамалар өшірілді


Астанада «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірінде вандалдар салған жазулар мен граффитилерді жою бойынша акция өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Нұра» ауданы әкімдігінің бастамасымен аудандық полиция басқармасы және «Астана ;астары» еріктілері қолдауымен өткен акция қоғамдық орындарда тәртіпті сақтауға бағытталды.
«Бұл көпір қаладағы көрнекті орындардың бірі болып саналады. Сондықтан да біз көпірді тыйым салынған жарнамалардан тазарту бойынша үнемі іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Жалпы аудан бойынша вандализм актілерін анықтау және оның жолын кесу үшін адамдар көп жиналатын жерлерде жүйелі түрде акциялар мен мониторинг ұйымдастырып отырамыз, - дейді «Нұра» ауданы әкімдігінің ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Руслан Сәбитов.
Елордалық еріктілер мұндай шараларға тұрақты түрде қатысып тұрады.
«Елордада туристер қызығушылық білдіретін көрікті жерлер көп. Бірақ вандализм әрекеттері мұндай жерлерде де кездесіп жатады. Бүгін біз арнайы тазалау құралдары арқылы көпірдегі жарнамалар мен суреттерді өшірдік. Мұндай акциялар қоғамдық тәртіпті сақтауға септігін тигізеді деп ойлаймын», - деп атап өтті «Астана жастары» орталығының волонтері Милат Әлімбекова.