Елордада «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы жалғасып жатыр

Бүгін, 10:34
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views139
Елордада «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы жалғасып жатыр
фото: Оңалхан Өнерхан

Республикалық «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы аясында Астана қаласы ПД басқармасының тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімі қызметкерлері отбасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша кешенді жұмыстарды жалғастырып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Басты бағыттардың бірі – қайталанатын зорлық-зомбылық қаупін бағалау болып отыр. Ол үшін бұрын қорғаныс нұсқамасы шығарылған адамдарға қатысты агрессорлардың тәуекелін бағалау стандарттары бойынша сауалнамалар жүргізіліп жатыр. Мұндай тәсіл мамандарға қауіп деңгейін дәлірек анықтап, жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді.

«Акция басталғалы ішкі істер органдарында есепте тұрған шамамен 400 адамның тұрғылықты жеріне барып тексеру жүргізілді. Олардың ішінде 200-ге жуық қорғаныс нұсқамасы шығарылып, сот шешімімен құқық бұзушылардың мінез-құлқына белгілі бір талаптар қойылды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ полиция қызметкерлері дәрістер оқып, профилактикалық рейдтер, дағдарыс орталықтарына бару жұмыстарын өткізді және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жәбірленушілердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ақпараттық парақшалар таратты.

Барлық бағыттар бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Шаралар отбасылық құндылықтарды нығайтуға, азаматтардың осал топтарының құқықтарын қорғауға және әр отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.