Елордада Astana Innovations Accelerator бағдарламасына қатысу үшін стартаптар бойынша өтінім қабылдау басталды

Astana Hub, Астана қаласының әкімдігі және «Astana Innovations» АҚ бірлесіп Astana Innovations Accelerator бағдарламасы іске қосылғанын хабарлайды. Жоба стартаптардың басын қосып, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған заманауи технологияларды әзірлеу және енгізу мақсатын көздейді, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қатысушылар шаһардың өзекті мәселелеріне арналған шешімдер жасап, оларды нақты жағдайда сынақтан өткізеді.
Өтінімдер 2025 жылғы 3 қыркүйекке дейін astanahub.com платформасында қабылданады.
Бағдарламаға дайын шешімдері бар стартаптар да, сондай-ақ Астана әкімдігінің техникалық тапсырмасы бойынша өнімді нөлден бастап әзірлеуге дайын командалар да қатыса алады. Соңғы жағдайда жасалған жобаны елордада бірегей шарттармен енгізіп, кейін басқа қала мен елдерге тарату мүмкіндігі қарастырылған. Барлығы 15 жоба іріктеледі: оның 10-ы дайын шешімдері бар стартаптар, 5-еуі – жаңа өнім жасайтын командалар. Олар пилоттық кезеңнен өтіп, технологияларын мегаполистің нақты жағдайына бейімдейді. Мұндай тәсіл командаларға қаланың негізгі міндеттерін тікелей шешіп, пайдаланушылардың сұранысына қарай өнімді жедел жетілдіруге ықпал етеді. Пилоттық кезеңнен өткен үздік стартаптар 5 000 000 теңге көлемінде қаржылай қолдау алып, SAFE келісіміне қол қояды.
Акселераторға түрлі елдердің стартаптары қатыса алады. Бірақ Қазақстанда заңды тұлға тіркеу және табысты тек басым қызмет түрлерінен алу – міндетті шарт. Бұл халықаралық серіктестікке жол ашып, ұлттық инновациялық экожүйенің дамуына ықпал етеді.
«Astana Innovations Accelerator қала мен технологиялық командаларды байланыстыратын көпірге айналады. Біз үшін жасалған шешімдердің іс жүзінде қолданылып, елордадағы өмір сапасын жаңа деңгейге көтеруге үлес қосуы аса маңызды. Бағдарлама бас қаланың өркендеуіне қарқын қосатын жобаларға жол ашады», – деді «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасы Ғизат Әмірғали.
Бағдарламаның форматы шаһардың нақты міндеттерін шешуге бағытталған.
«Қатысушылар өз жобаларын елорданың нысандарында сынап, тиісті қызметтермен бірлесіп жұмыс істейді және салалық сарапшылардың қолдауына ие болады. Бұл – шешімдерді қалалық жүйеге енгізудің нақты жолы. Мұнда қауіпсіздікті арттыру, процестерді оңтайландыру және қызмет сапасын жақсарту сынды бағыттар қамтылады. Бағдарлама елорданың дамуына тың серпін беретініне сенемін», – деді Astana Hub бизнес-бағдарламалар кеңсесінің директоры Ербол Ахметов.
Бастама денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік, абаттандыру, инфрақұрылым, көлік, экономика, бизнес және экология сияқты негізгі салаларда тиімді технологиялық шешімдерді енгізуді көздейді. Қатысушы командалар өз жобаларын қалалық нысандарда сынақтан өткізіп, трекерлердің жеке сүйемелдеуінен өтіп, воркшоптарға қатысып, салалық сарапшылардан кеңес ала алады.
Astana Innovations Accelerator 2025 екі ай бойы өтіп, Demo Day іс-шарасымен аяқталады. Бұл күні қатысушылар пилоттық жобаларының нәтижелерін мемлекеттік органдардың өкілдеріне, бизнес-қауымдастыққа және инвесторларға ұсынады. Болашағы зор жобаларға кеңінен тарап, жаңа нарықтарға шығуы үшін қолдау көрсетіледі.
Бағдарлама туралы толық ақпарат пен өтінім беру тәртібі Astana Hub платформасында жарияланады.



