Елордада AstanaBuild-2023 халықаралық құрылыс және интерьер көрмесі өтті
Бұл іс-шараға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков қатысып, құрылыс саласындағы өнімдерді бағамдап қайтты, деп хабарлады Elorda.info.
AstanaBuild-2023 алаңында құрылыс және көркем интерьер саласына қажетті тың технологиялар, әдістер мен стандарттар ұсынылды. Көрмеге келген халық құрылыс пен жөндеу жұмыстарына арналған заманауи материалдар мен жабдықтардың, сондай-ақ интерьер дизайны мен жобалау жұмыстарында таптырмас озық шешімдер мен құралдардың мүмкіндіктерін пысықтап, білікті мамандардың ақыл-кеңестерін тыңдай алды.
Мұндай көрмелер құрылыс нарығында қолданылатын жаңа технологиялар және материалдармен танысу үшін қажет. Сондай-ақ осындай іс-шараларда бірнеше компания бас қосып, озық технологияларды тиімді қолдану бойынша өзара ой бөліседі, - деді Б.Жүнісбеков.
Экспозицияға Қазақстан, Беларусь, Ресей, Германия жане Қытайдан келген 70-тен астам қатысушының өнімдері қойылды. Олардың арасында Омбы, Челябі облыстары мен Ұдмұрт Республикасынан келген компаниялардың ұжымдық стендтері де бар.
Көрменің модераторы «Мемсараптама» BIM-технологиялар басқармасының басшысы Саламат Серікқалиев келушілерге BIM-технология бойынша бюджетті оңтайландыру бағытында тың мәліметтерді айтып берді.