Елордада Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған журналистер арасында бильярдтан турнир өтті
БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Алаш ардақтысы Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған журналистер арасында бильярдтан турнир өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Турнир 22-маусым күні Астанадағы «Зодиак» демалыс орталығында ұйымдастырылды.
Жалпы саны алпысқа жақын майталман журналистер екі топқа бөлінді. Ел ағалары тобында жиырмаға жақын қаламын бір мезет киге алмастырған ардагерлер сайысқа түссе, еңбек майданында атой салып жүрген отыздан аса журналист жігіттер бақтары мен баптарын сынап көруге тәуекел етті.
Турнирдің ашылу салтанатына «ЕҰУ комерциялық емес акционерлік қоғамының» Басқарма төрағасы - Ректор, ҰҒА академигі Ерлан Бәтташұлы Сыдықов қатысып, журналисттерді төл мерекелерімен құттықтады. Турнир ардагерлерінің арасынан таяуда 85 жас мерейтойын ел болып атап өткен абызымыз Қойшықара Салғараұлы егіздің сыңарындай болып өмір кешкен жан досы Ақселеу Сланұлының биік болмысы мен тұғырлы тұлғасын еске түсірді. Ал ҚР Парламенті депутаттарының атынан сөз сөйлеген, еліміздегі маңдайалды журналистердің ұстазы саналатын Нұртөре Жүсіп жарысқа қатысушыларға жеңіс тілесе, сонау Маңғыстаудан арнайы келген қарымды қаламгер Сайын Назарбек ақ батасын беріп, турнирге қатысушыларды таным-тағылымымен тәнті етті.
ЕҰУ-дың кәсіподақ ұйымы, Altyn Qyran қоғамдық қоры, Patriot portaly және Qadaz орталығы демеушілік жасаған жарыс өте тартысты өтті.
Майталмандар тобынан I орынды ардагер фотожурналист Мақсут Иржанов, II орынды белгілі сатирик-журналист Базарбек Түкібай, III орынды Ардагер журналист һәм қайраткер-қаламгер Сәдібек Түгел, IV орынды белгілі журналист,ақын Тұрмағанбет Кенжебаев қанжығасына байласа, журналист жігіттер тобынан I орынды «Хабар» агенттігінің жас қызметкері Ахмет-әлі Сахов, II орынды Nur media холдингінің директоры, ақын Талғат Ешенұлы, III орынды «Qazaqstan» телеарнасының режиссоры Асылхан, IV орынды «Егемен Қазақстан» газетінің фотожурналисі Ерлан Омаров жеңіп алды. Бұдан басқа «Ең сыйлы», «Ең мәдениетті», «Ең шебер», «Ең мерген», «Ең шапшаң», «Техникасы ең мықты тастаяқшы» жүлдегерлері анықталып, иелеріне сый-сыяпат көрсетілді, тіпті «Ешкімнің көңілін жықпай, қарсыластарына жол берген» ойыншы да марапатталды.