Елнұр Бекбердиев: Статистикалық тіркелімдерді қалыптастыру ақпаратты алу жиілігін күшейтеді
Қоғамдағы өзгерістерді жүйелі түрде есепке алып отыратын Ұлттық статистика бюросы үшін цифрландыру мәселесі маңызды. Өйткені нақты ақпаратты жинау және оны көпшіліктің пайдалануына ұсыну шапшаңдық пен жүйелілікті талап етеді. Сонымен, бюрода автоматтандыру жұмыстары қалай жүзеге асуда? Elorda info тілшісі Статистикалық тіркелімдер департаментінің директоры Елнұр Бекбердиевтен осы туралы сұрап-білді.
Дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне назар аударсақ, көптеген елдер статистика өндірісінде әкімшілік деректерді қолдануға көшкен. Яғни, қазіргі таңда деректерді жинауда мемлекеттік орындарға арқа сүйеп отыр. Біз де респонденттердің жүктемесін азайту мақсатында сол мемлекеттік орындардан алынатын әкімшілік деректерді қолдану жағына ден қойып отырмыз. Әрі ол ақпарат ортақ қолдану үшін қолжетімді болуы керек. Бұл үшін департаментте былтырғы жылдың аяғынан бастап цифрлық статистикалық тіркелімдер деген жоба қолға алынып отыр, - деді Елнұр Бекбердиев.
Дегенмен, оның айтуынша, тиісті талдауларды жүргізудің нәтижесінде көптеген мемлекеттік орындар мәліметтері департаменттің талабына сәйкес келмей тұрғаны анықталды. Себебі көптеген мемлекеттік орындарда ақпаратты жинау жүйесі автоматтандырылмаған немесе жалпылама жиналады. Ал бюроға толық ақпаратты көру үшін, әр кәсіпкердің, әр респонденттің негізіндегі, яғни детальді ақпарат керек. Сондықтан осы бағытта тиісті мемлекеттік орындармен жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Біріншіден, мемлекеттік орындардан алынатын ақпараттың сапасын жақсартуымыз керек. Әрі әдістемелік тұрғыдан сәйкестендіруіміз керек. Бұл ақпараттар сұранысымызды қанағаттандырған жағдайда қазіргі қолданыстағы статистикалық нысандарды қысқартудыжоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ, алдағы 2-3 жылда экономиканың 16 саласы бойынша статистикалық тіркелімдерді қалыптастыру көзделген. Бұл бізге ақпараттарды жылына бір рет емес, ай сайын немесе күнделікті алып отыруға мүмкіндік бермек, - деді Статистикалық тіркелімдер департаментінің директоры.
Ал аталған жобаларды жүзеге асыру үшін заңдылықтар ретке келтіріліп жатыр.