Экоакция ұлтты жаңа сапалық деңгейге көтеру тетіктерінің бірі деуге болады - ғылыми қызметкер
Еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму болашағына қатысты мәселелерді қамтыған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында халқымыздың денсаулығы мен қоршаған ортаға деген қамқорлықты нығайтуда экологиялық ахуалды жақсарту қажеттігіне тоқталды. Бұл туралы Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Күлсия Қоңырбаева Жолдауға қатысты пікірінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Еліміздің барлық өңірлерінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүргізіп жатқаны белгілі. Осы іс-шара аясында адамдар ұйымшылдыққа, береке-бірлікке жұмылып қана қоймай еңбегінің жемісін көріп қуанады. Туған жерге сүйіспеншілік, жанашырлық сезімі оянады. Аталған экоакция ұлтты жаңа сапалық деңгейге көтеру тетіктерінің бірі деуге болады. Бұл, сонымен қатар, экологиялық сананы қалыптастыратын рухани бастама», - деді Күлсия Мағражқызы.
Сонымен қатар, ол Президенттің жаһандану жағдайындағы қоғамға қауіпті жаңа кеселдер – лудомания, вандализм туралы мәселені көтеруі де маңызды екеніне тоқталды.
«Адамды табысқа жеткізуге оның адалдығы мен жеткізері сөзсіз. Демек, жастарымыздың бойына еңбеккерлік пен кәсіби біліктілікті дарыту - басты міндет. Осы мақсаттарға жету жолында Президентіміз педагогикалық оқу орындарын сапалық жағынан жақсартып, ұстаздар біліктілігін арттыруға көңіл бөлу қажеттілігіне басты назар аударуы қуантарлық», - деді спикер.