«Бір адам 4 билет қана ала алады»: Дженнифер Лопестің Астанадағы концерт билеттері 11 сәуірде сатылымға шығады


Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, билеттер сағат 11:00-ден бастап сатылады.
«Билеттерді қайта сату және басқа да алаяқтықты болдырмау мақсатында әлемдік тәжірибе негізінде жүйе қолданылады. Алдымен ваучер сатылады. Ал бірегей QR код концертке үш күн қалғанда беріледі. Бір адам ең көп дегенде 4 билет қана ала алады, бір аккаунт, бір ғана банк картасымен», - деді спикер.
«Астана Концерт» өкілінің айтуынша, 15 мыңға жуық турист келеді, қонақ үйлерден, мейрамханалардан, көліктен, бөлшек саудадан 6,5 млрд теңгеден астам, сондай-ақ концертті өткізуден 400 млн теңге тікелей салықтық түсім түседі деп күтілуде.
Дженнифер Лопестің концерті 1 тамызда «Астана Арена» стадионында өтеді.
«Мұндай деңгейдегі коммерциялық концерт елімізде алғаш рет өткізілмек», - деді Мәлік Хасенов.
Концертте бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шаралары қабылданады.
Билеттің құны 40 мыңнан 150 мың теңгеге дейін, сахнаның алдындағы орындар – 180 мың теңге.



