Досымжан Таңатаров: Жанды дауыспен концерт беремін

Досымжан Таңатаров: Жанды дауыспен концерт беремін
Фото: Досымжан Таңатаровтың жеке архивінен

Танымал әнші Досымжан Таңатаров 11 мамыр күні Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы концерт залында өтетін «Біздің елдің жігіттері» атты шығармашылық ән кешіне дайындық қызу жүріп жатқанын айтты. Қазақтың әндерін жанға жайлы қоңыр даусымен әуелетіп жүрген әншінің көрерменге ұсынар қандай жаңалығы бар? Elordainfo.kz тілшісі айтулы концерт алдында өнер иесінен шағын сұхбат алып, шығармашылық кештің ерекшелігі туралы сұрап-білді.

- Досымжан Қарпықұлы, әуелі шығармашылық кешіңіз туралы айтып берсеңіз.

- Биыл сахнада жүргеніме 30 жылдың көлемі болған екен. Бұл бір есеп беру концерті іспеттес болайын деп тұр. Оның үстіне, мамыр мерекелер мен мерейтойларға толы: 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Өзім де осы тамаша айда, 6-сы күні дүниеге келдім. Ал елордада тұрып жатқаныма биыл 25 жыл болыпты. Міне, осындай ерекше күндерге байланысты концерттің де сәті түсіп, Отан қорғаушы батырларымыз бен елдің қамын ойлаған азаматтарымыздың, әр отбасының арқасүйер ер жігіттерінің  құрметіне арнап, елдің рухын көтеретін, көпшіліктің мерекелік көңіл күйін үстейтін думанды кеш өткізгелі отырмын.

- Осы жолғы концертіңіздің ерекшелігіне тоқталсаңыз.

- Қазақтың «Ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың» деген сөзі бар ғой. Сол айтқандай, отыз жыл сахнада жүрсем, сол жылдардың ішінде үлкенмен де, кішімен де сыйластым. Жан-жақтағы өнердегі әріптестерімді жинап алып, концерт берсем, таңды таңға атқызып, тоғыз күн, тоғыз түн концерт беруге болады. Бірақ бұл жеке шығармашылық ән кеші болғандықтан, негізгі салмақ өзіме түседі, десе де кеш барысында өнердегі аға буын, замандастар, Астанадағы достар және шығармашылық байланыстағы іні-қарындастармен дуэт, трио, квартет орындалады. Негізі концерт ұзақ та емес, қысқа да емес, 1,5 сағатқа созылады. Бұл жерде аз-кем қиыншылық туды, «Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым дер» дегендей, менің шырқайтын әндерімнің барлығы - көкейімді жарып шыққан әндер. Елдің қалауындағы әндерді де айта беретін болсам, концерт 2-3 сағатқа созылып кететін түрі бар. Дегенмен репертуарымдағы ел сүйетін әндердің 60-70 пайызын алып, оны жаңа форматта ұсынатын болдым.  Бұған дейін домбырамен, ансамбльмен дәстүрлі түрде, кейін эстрадада, одан соң Президент оркестрінің біріккен құрамымен де – барлық жанрда концерт беріп келдім. Ал осы төртінші шығармашылық кешімде Астанадағы танымал әрі беделді «Формат» тобы және жетекшісі Қайрат Баекеновпен бірге ВИА-топта, 3D форматта жанды дауыспен концерт беретін боламын. Концерттің де ерекшелігі сол – бұрын мені көпшілік дәстүрлі және эстрадалық бағытта танып келсе, бұл кеш заманауи эстрадалық бағытта болмақ.

- Шығармашылық кешіңізде жаңа әндердің тұсауы кесіле ме?

- Әрине, концерт болғаннан кейін жаңа әннің тұсауы кесіледі. Тіпті, бұрынғы айтылған өлеңдердің өзі жаңа форматпен ұсынылады. Сонымен қатар клубтық әндер де орындалатын болады.

- Қанша жылда есептік концерт бересіз?

- Мен екі жыл сайын, үш жыл сайын коммерциялық бағытта концерт беретін азаматтардың қатарынан емеспін, әрбір он жыл сайын есеп беру концертін береді екенмін. Отыз жыл сахнада жүргендіктен, концерттің бағыты, ұстанымына қарай жинақталып, сүбелі дүние ұсынғанды жөн көремін. Биыл мерейтойлық жасымда жылдар бойы жинап-терген өнерімді, елдің көңілінен шыққан әндерімді ұсынбақшымын. Кеш бойы концертке жиналған көпшілікпен ән шырқаймыз деп ойлаймын, өйткені айтылатын өлеңнің барлығы - барған жерде сұрап айтылатын әндер.

- Ал ел ішіне, шетелге гострольдік сапарларға жиі шығып тұрасыз ба?  

- Биыл Қазақстанның барлық жерін аралап, концерт беріп қайттым. Сонымен қатар Тұрсынбек Қабатов екеуіміздің біріккен жобамыздың негізінде көршілес жатқан төрт мемлекетке барып, 2,5 ай дәстүрлі сапарда болдық. Ресей жеріндегі Орынбор, Астарханнан бастап, бір кездері бас ордамыз болған Омбыға барып, сегіз облыстағы қандастарымызбен кездесіп, ән шырқап, керемет ғанибет күндерді бастан кешірдік. Моңғолиядағы Баянөлгейде қоныс тепкен 95% қазақ бауырларымызбен қауышып, үш күн концерт бердік. Елді сағынған, әнді сағынған халықпен көрісіп, сұхбаттасып қайттық. Одан кейін Қырғызстанның Бішкек қаласында концертімізді бердік, одан кейін Ош қаласындағы ағайындарды аралап қайттық. Ал сапарымызды Өзбекстанның астанасы Ташкентте аяқтадық. Осындай үлкен жетістіктермен есте қалған сапарымызды ел ордасы – Астанада шығармашылық кешпен қорытындыламақпыз.

- Астанадағы шығармашылық кешіңіздің орны бір төбе дейсіз ғой... Ендеше елордалық көрермендеріңізге айтарыңыз бар ма?

- Астанаға қоныс аударғаныма 25 жыл болды. Елорданың жаңаруы мен жаңғыруы, әрбір жетістігі көз алдымда өтіп жатыр. Өзім де Астанамен бірге өсіп, өніп жатырмын. Менің өмірім, тағдырым бас қаламен тікелей байланысты. Әсем қаламыз туралы қаншалықты ән айтсам, соншалықты ол туралы жазылатын әндердің тууына себепші болдым. Астанада тұрғанымызға әлі күнге дейін мақтанамыз, марқаямыз. Әлі де елорда туралы тынбай жырлай беретінімізге бек сенімдімін. Елордалықтарға толағай табыстар тілеп, биік асуларды бағындыруға тілектестік білдіремін! Барлығыңызды шығармашылық кешке шақырамын!

- Сұхбатыңызға үлкен рақмет!