«Creative Summer»: Елордада мерекелік концерт өтті
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елордада балаларға арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Іс-шарада «Ерекше балалардың ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астанадағы филиалының балалары сән көрсетіліміне қатысты.
Балалар арнайы дизайнерлердің ұлттық нақыштағы киімдердерімен сән көрсетті.
«Биыл біздің әртүрлі диагноз қойылған балаларымыз модель ретінде екінші рет сән көрсетіліміне қатысты. Оларды жан-жақты қолдауға тырысамыз. Яғни, олар да басқа балалар сияқты мүмкіндікке ие, олар да мақсат қойып, соған жете алады. Біз бүлдіршіндерімізге сенім ұялатуға, әрқашан қолдауға дайынбыз», - деді филиал жетекшісі Гүлсән Мейрамқызы.
Қатысушылар дизайнер Гүлбағиша Жамалбекованың жасаған әшекейлері мен бұйымдарымен өнер көрсетті. Дизайнерлер ішінде ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар да бар.
«Менің қызым Раянада ЗПР диагнозы бар. Бүгін осы іс-шараға алып келгеніме қуаныштымын. Қызымның қабілеттері ашылып, көңіл-күйі жоғары болып жүр», - дейді анасы Айсұлу Әбдікәрімова.
Сән көрсетілімінен бөлек «Браво» театры, «Дю салем» циркі, «Айналайын» хоры, «Гәкку» би ұжымы, «Назқоңыр» қобызшылар ансамблі өнер көрсетті.
«Әр жыл сайын балалар үшін мерекелік іс-шара дайындаймыз. Қызықты флешмобтар мен билерді ойлап табамыз. Барлығы тек біздің кішкентайларымыз үшін», - дейді «Браво» театрының режиссері Лариса Булучевская.
Оның айтуынша, мерекеде өнер көрсететін балалар көп болғандықтан, ата-аналары қолдауға келеді. Олардан бөлек, мерекелік көңіл-күй үшін көрермен ретінде келетін ата-аналар мен балалар да баршылық.
«Біз әкемізбен келіп биледік, концертті көрдік, ән айттық. Барлық балаларды мерекемен құттықтаймыз және ата-анамызға рақмет», - дейді көрермен ретінде келген 7 жасар Дулат Тимурұлы.
Айта кетейік, іс-шара «Creative summer» жобасы аясында ұйымдастырылған. Осы сенбіден бастап 3 ай бойы әр аптаның демалыс күндері концерттер өтетін болады.
Аруза БОРАНБАЕВА