«Бір әулетте алтауымыз мұғалімбіз»: Педагогикалық еңбек өтілі 125 жыл болған астаналық ұстаздар династиясы

«Бір әулетте алтауымыз мұғалімбіз»: Педагогикалық еңбек өтілі 125 жыл болған астаналық ұстаздар династиясы
Фото: Сәрсембековтер әулетінің мұрағатынан

Астаналық Сәрсембековтер әулеті - ұстаздық жолға өмірін арнаған педагогтер династиясы. Отбасында алты бірдей мұғалім бар. Ортақ педагогикалық еңбек өтілі 125 жыл болған астаналық ұстаздар династиясының келіні Лаура Сәрсембековамен Elordainfo.kz тілшісі әңгімелесті.

Әулеттің ақсақалы Мұратқали Сәрсембеков 35 жылдық еңбегін ұстаздыққа арнаған. Осындай отбасыға келін болып түскенін Лаура Сәрсембекова мақтанышпен айтады.

«Ұстаздар отбасына келін болып түскеніме мақтанамын. Атам – Мұратқали Сәрсембеков 35 жылдан бері химия және биология пәндерін оқытып, шәкірт тәрбиелеп келеді. Атамның ұстаздық қызметіне шын берілгендігі бізді тәнті етеді. Қазір атам зейнет демалысында, 2014 жылы зейнеткерлікке шықты. Бірақ зейнетке шыққанымен, білім мен тәрбиені насихаттаудан, ізбасарларына бағыт-бағдар көрсетуден еш шаршамаған жан. Оның еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы – біз үшін әрдайым үлгі. Атамның жұбайы, менің енем, Зияш Сәрсембекова да – білім саласының майталманы. Математика пәнінің мұғалімі ретінде талай буынды тәрбиелеп, ғылымға баулыған, сабырлы мінезімен, терең білімімен ұжымның да, оқушының да құрметіне бөленген жан. Енем 2012 жылы зейнеткерлікке шықты. Ол кісінің шәкіртке деген ыстық ықыласы, пәнге деген сүйіспеншілігі – бүгінгі жас мұғалімдерге нағыз тәлім», - деді әулеттің келіні Лаура.

Мұратқали мен Зияш Сәрсембековтер үш ұл тәрбиелеп өсірген. Ардагер ұстаздардың тұңғыш ұлы – Ерлан Сәрсембеков – Астанадағы Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі.

«Атам мен енемнің шаңырағында үш бала тәрбиеленіп, үлкен өмірге қанат қақты. Әрқайсысы өз жолын тапты, ата-анамыздың берген тәрбие мен тәлімін бойына сіңіріп, ұлағатты ұстаздық жолды таңдады. Бүгінде сол ұлдарынан өрбіген 8 немере ата-әже мейіріміне қанып өсіп жатыр. Ата-әжесінің тәлім-тәрбиесі немерелерінің бойына да сіңіп, олар да білімге құштар, тәрбиелі ұрпақ болып қалыптасып келеді. Бүгінде үлкен қызымыз Медина Мұратқали ұстаздық жолды таңдап, жоғары оқу орнында білім алып жатыр. Болашақта өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыз ұстаздық жолды таңдап, отбасылық дәстүрді жалғап жатса, біз қуанар едік», - деді Лаура Сәрсембекова.

Мәдина Мұратқали Астанадағы жоғары оқу орнында 2-курста оқиды.

«Таңдаған мамандығы – биология пәнінің мұғалімі. Бұл – мен үшін, жалпы біздің әулет үшін ерекше қуаныш. Себебі бұл – ата-енемнің де, өзімнің де жүріп өткен жолымды жалғайтын жаңа буынның жалғасы деген сөз. Ұстаздық – жүрек қалауымен таңдалатын мамандық екенін ол ерте түсінді. Одан кейінгі баламыз – ұлымыз Әлижан. Қазір 9-сыныпта оқиды. Білімге құштар, ізденімпаз, жан-жақты бала. Оған қарап болашақта үлкен жауапкершілікті мойнына алатын азамат қалыптасып келе жатқанын сеземіз. Кенжелеріміз – қыз балалар. Амина 6-сыныпта оқиды, ал ең кенжеміз – 4 жаста, бүгінде балабақшаға барып жүр. Бұл екі қызымыз да өзіне тән мінезімен, қылықтарымен отбасымыздың шырайын кіргізіп, өмірімізге шаттық сыйлап отыр», - деді Лаура Сәрсембекова.

Кейіпкеріміздің айтуынша, бала – Алланың аманаты, ал оларды тәрбиелеу – ата-ана парызы.

«Біз осы жолда ұрпақ тәрбиесіне тек сөзбен емес, өз ісімізбен, өмірлік ұстанымдарымызбен үлгі болуға тырысамыз. Үлкеніміздің ұстаздық жолды таңдауы – осы еңбегіміздің бір жемісі деп білеміз», - деді ол.

Шаңырағында қазақы дәстүр бүгінгі күнге дейін сақталып отырған әулеттің отағасы мен отанасы балаларының өсіп-жетілуіне ерекше көңіл бөлуді еш ұмытқан емес.

«Ата-енеміздің шаңырақ көтергендеріне биыл 48 жыл толып отыр. Бұл – сыйластық пен сабырлықтың, өзара түсіністік пен ортақ мақсатқа адалдықтың жемісі деп білемін. Олардың бір-біріне деген қамқорлығы, ұрпағына деген жанашырлығы бізге отбасы құндылығы дегеннің шын мәнін ұғындырды. Олардың тату-тәтті өмірі – біздің әрқайсымыздың отбасымыз үшін, жалпы, көпке үлгі болатын үлкен мектеп», - деп бөлісті әулеттің келіні.

Ерлан мен Лаура Сәрсембековтер 2004 жылы отбасын құрған.

«Бұл – мен үшін ерекше мақтанышпен, ілтипатпен айтатын сұрақ. Ерлан екеуіміз 2004 жылы шаңырақ көтердік. Содан бері, міне, 20 жылдан астам уақыт бір-бірімізге сүйеніш, өмірлік серік болып, отбасымыздың берекесін бірлесіп қалыптастырып келеміз. Құдайға шүкір, бүгінде төрт перзентіміз бар. Үшеуі – қыз бала, біреуі – ұл. Ұл-қызымыздың әрқайсысы – біздің өміріміздің мәні мен сәні», - деді ол.

Әңгіме арасында Лаура Жолмұхаметқызынан не себепті ұстаздық жолды таңдағанын сұрап-білген едік.

«Ұстаздық – мен үшін жай ғана мамандық емес, бұл – жүрек таңдауы, жан қалауыммен келген өмірлік жолым. Бала күнімнен бері мектептің, ұстаздың, кітаптың ортасында өстім. Қалам мен парақты серік етіп, сөз өнеріне құштар болдым. Қазақ тілі мен әдебиетінің тереңіне үңілген сайын осы салаға деген қызығушылығым, құрметім арта түсті. Сол бала армандар мен үлкен мақсаттар мені ұстаздық жолға алып келді. Әр оқушының жүрегіне біліммен қатар сенім де сіңіру, тек сабақ үйретіп қана қоймай, тұлға тәрбиелеу – менің кәсіби әрі адами борышым деп білемін», - деді ол.

Ұстаздың педагогика саласындағы еңбек өтілі — 21 жыл.

«Осы жылдар ішінде талай шәкіртке бағыт-бағдар беріп, талай әріптеспен иық тіресе жұмыс істедім. Менің алғашқы жоғары білімім — Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінен 2004 жылы алған филолог - қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығым. Кейін 2013 жылы «Қайнар» университетінде педагогика және психология мамандығы бойынша магистрлік дәрежемді қорғадым. Бұл білім мені педагогика ғылымына терең бойлауға, білім беру үдерісінің психологиялық астарын терең түсінуге жетеледі», - деп бөлісті ұстаз.

Қазіргі таңда үлгілі ұстаз Астанадағы Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясында мектеп директоры қызметін атқарады.

«Бұл – үлкен жауапкершілікті, табандылықты, ұйымдастырушылықты талап ететін қызмет. Бірақ мен үшін ең үлкен бақыт – ұстаздар мен оқушылар ортасында, білім мен тәрбиенің басында жүру. Жолдасым Ерлан Сәрсембеков – білім саласында еңбек етіп жүрген азамат. Ол – өз өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған, ұстаздар әулетінің ізін жалғаушы. Оның бұл саладағы еңбек өтілі 20 жылдан асады. Екеуіміз де бір мақсат, бір мұрат жолында – жас ұрпақтың болашағы үшін қызмет етіп келеміз. Ұстаздық – ұрпаққа мұра қалдыратын, ұлттың болашағына жол сілтейтін ең жауапты, ең қасиетті жол. Бұл жолды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін», - деді мектеп директоры.

Ұстаздар әулетінің келіні Лаура Жолмұхаметқызы бала тәрбиесі туралы сөз қозғады.

«Көбіне балалармен бірге кітап оқимыз, бір-бірімізбен қызықты ойларымызды, әсерлерімізді бөлісеміз. Бала тәрбиесінде тек оқу үлгерімін емес, рухани дамуын, көзқарасының кеңдігін де назарда ұстау маңызды деп санаймын. Сондықтан әдебиет, тарих, психология салаларындағы кітаптарды оқуға ерекше мән беремін. Бос уақыт болғанда отбасымызбен кино көруге, табиғат аясында серуендеуге, туған ауылымызға барып демалуға тырысамыз. Ауылдың таза ауасы, кең даласы – жанға да, санаға да тыныштық сыйлайды. Бұл сәттер – балаларымыз үшін де, біз үшін де баға жетпес естеліктерге толы болады», - деді көпбалалы ана.

Оның пікірінше, отбасы – адамның ең алғашқы мектебі, жан тыныштығының бастауы.

«Ал сол отбасының беріктігі – тек махаббатпен емес, түсіністікпен, сабырмен, сыйластықпен қаланатынын уақыт өте келе тереңірек түсіне бастайсың. Біздің өзіміздің отбасылық тәжірибемізден ұғынғанымыз – берік шаңырақтың негізі, ең алдымен, сенім мен сыйластықта. Кез келген отбасыда қуанышты да, сынақты да сәттер болады. Бірақ дәл сол қиындықтарда бір-біріңе демеу бола білу, ауыр сөзбен емес, жұмсақ мәмілемен шешім табу отбасын мықты етеді. Шынайы қарым-қатынас пен жылы сөз – жүректегі салмақты жеңілдетіп, рухты биіктетеді. Сол себепті қарым-қатынастың мәдениеті, бір-біріңді тыңдай білу, түсінуге тырысу – отбасылық үйлесімділіктің басты шарты», - деді Сәрсембековтер әулетінің келіні.

Лаура Жолмұхаметқызының айтуынша, отбасы – бір күндік эмоциямен емес, күн сайынғы еңбекпен, жанашырлықпен, өзара құрметпен бекитін рухани одақ.

«Өмірлік ұстанымымыз – отбасы мүшелерінің әрқайсысы өзін осы шаңырақтың маңызды бөлігі ретінде сезінуі керек. Әкенің беделі мен ананың мейірімі қатар ұштасқанда, бала да өзін сенімді, қорғалған ортада сезінеді. Мұндай ортада өсіп-жетілген ұрпақ саналы, жауапты, мейірімді болмақ. Сол себепті мен әр жас отбасыға: шаңырағыңызды жылы сөзбен, сабырлы мінезбен, ортақ жауапкершілікпен сақтаңыз дегім келеді. Берік отбасы – тек ата-ана үшін емес, бүкіл қоғам үшін де маңызды құндылық. Себебі мықты отбасы – мықты ұрпақтың, мықты елдің негізі», - деді ол.

Бүгінде мерейлі отбасы болу – кез келген жанұяның арманы. Бірақ бұл тек сырттай жарасымдылықпен өлшенбейді. Оның шынайы мәні ішкі мәдениетте, рухани жақындықта, ортақ құндылықтарда жатыр.

«Мерейлі отбасының басты құпиясы – бірлік пен берекені сақтай білуде, ал бұл үшін әр отбасы мүшесі өзіне жауапкершілікпен қарап, отбасы мүддесін бәрінен жоғары қоюы қажет. Біз үшін мерейлі отбасы деген – үйге асығып келетін, бір дастарқан басында шынайы көңілмен шүйіркелесе алатын, қиындықта бірін-бірі сүйемелдейтін, қуанышта бірге шаттанатын шаңырақ. Бұл ата-ана мен бала арасындағы өзара сенім мен құрметтен бастау алады. Ата-енені сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге ізет корсету – отбасылық мәдениеттің өзегі», - деді ол.

Сәрсембековтер әулетінің келіні мерейлі отбасы болудың құпиясы – махаббат пен мейірімді ғана емес, ұстамдылық, сабыр, адалдық пен тұрақтылықты қатар ұстауда екенін атап өтті. Бұл қасиеттер ұрпаққа үлгі болып, ата-ананың өмір салты мен қарым-қатынасынан жалғасатынын айтады.

«Сырт көзге үлгілі отбасы болып көріну – бұл бір нәрсе, ал шын мәнінде отбасы ішіндегі тыныштық пен өзара ынтымақты сақтау – нағыз шеберлік. Ол үшін күнде үлкен әрекет емес, кішкентай, бірақ шынайы істер қажет: кешірім сұрай білу, алғыс айту, бір-біріңнің көңілкүйіне назар аудару, жақсы сөз айту. Осындай ұсақ-түйек деп еленбейтін дүниелердің өзі – үлкен бірліктің, мызғымас берекенің іргетасы. Сондай-ақ ортақ мақсат пен арман – отбасыны біріктіретін маңызды күш. Жұбайыңмен өмірлік бағыттың ұқсас болуы, балаларға бірдей тәрбие беру ұстанымы – бақытты отбасының тірегі. Отбасы бұл тек күнделікті өмір емес, бұл – бірге өскен, бірге армандаған, бірге жетілген жол. Сондықтан да отбасы мүшелерінің әрқайсысы бір-біріне қамқор болып, сыйластық пен түсіністік танытса, онда шаңырақтың іргесі берік болады. Өмірдің қиын сәттерінде бір-біріне күш-қуат беріп, қуанышта да, қайғы да да бірге болу – нағыз отбасының үлгісі дер едім», - деді ол.