БАҚ өкілдері арасында «Таза Қазақстан – таза Астана» байқауы жарияланды

16 мамыр, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
БАҚ өкілдері арасында «Таза Қазақстан – таза Астана» байқауы жарияланды
Фото: «Астана Тазалық» ЖШС

Елорда күніне орай «Астана Тазалық» ЖШС БАҚ өкілдері мен блогерлер арасында байқау жариялады. Байқаудың жалпы жүлде қоры 4 миллион теңгені құрайды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Таза Қазақстан – таза Астана» байқауы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен Астана күніне орай ұйымдастырылады.

Байқаудың мақсаты – мемлекеттік «Таза Қазақстан» экобағдарламасы аясында Астана қаласының, оның маңындағы елді мекендердің санитарлық жағдайын қамтамасыз ету, қоқыстарды жинау және шығару (көшелерді, жолдарды, алаңдарды, тротуарларды, жүретін жолдарды және басқа да қоғамдық орындарды қолмен және механикаландырып тазалау); «Астана Тазалық» қызметінің қалыптасуы, дамуы, жетістіктері мен келешегі туралы айту, сондай-ақ, қалада күн сайын тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ететін, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіпорын қызметкерлеріне ерекше назар аудару қажет.

Байқауға қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері мен блогерлер қатыса алады.

Байқау келесі номинациялар бойынша өткізіледі:

- «Үздік телевизиялық материал»;

- «Әлеуметтік желілердегі үздік жарияланым»;

- «Баспа басылымындағы үздік мақала»;

- «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым».

Байқауға 2025 жылғы 15 мамыр мен 30 маусым аралығында мемлекеттік немесе орыс тілінде шыққан жұмыстар қабылданады. Байқауға ұсынылатын жұмыстар саны шектелмеген.

Жұмыстарды тәуелсіз комиссия бағалайды. Комиссия құрамына коммуналдық сала мамандары мен тәжірибелі журналистер кіреді. Қазылар алқасы төмендегі критерийлерге сүйене отырып бағалайды:

- берілген тақырыптың өзектілігі және сәйкестігі;

- тақырыпты ашу тереңдігі және ұсынылған ақпараттың шынайылығы;

- баяндау стилі;

- авторлық пайымның бірегейлігі.

Байқауға қатысу үшін материалдар келесі электронды пошта арқылы қабылданады: astana_tazalyk@mail.ru. Байланыс нөмірі: +7 700 259 2188.

Жұмыстарды қабылдау уақыты: 2025 жылғы 30 маусым, сағат 18:00-ге дейін (Астана уақытымен).

Байқау қорытындысы 2025 жылғы 3-4 шілде аралығында жарияланады.

Байқаудың жалпы жүлде қоры – 4 миллион теңге.