БАӘ Астана әуежайын дамытуға инвестиция құяды

16 мамыр, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
БАӘ Астана әуежайын дамытуға инвестиция құяды
Фото: Astana international airport

Terminals Holding (БАӘ) Астана әуежайын, арнайы экономикалық аймақты және оған іргелес аумақтарды дамытуға инвестиция құяды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Terminals Holding өзінің еншілес кәсіпорны Terminals Astana Airport Limited компаниясымен Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайын сенімгерлік басқару туралы 25 жылдық инвестициялық келісім-шарт жасасқанын қуана хабарлады. Компания бұл маңызды оқиға Қазақстанның негізгі көлік торабы дамуына жаңа дем береді деген сенімде.

Неліктен аталған компания Астана әуежайына инвестиция салуды шешті?

Бұл ауқымды инвестицияны салу туралы шешім әуежайды жедел басқаруды қолға алғаннан кейін 2023 жылдың қарашасында басталған бір жылға созылған жіті тексеруден кейін қабылданды. Кешенді талдау нысанның қазіргі уақыттағы жай-күйін егжей-тегжейлі сараптауды, оның ішінде анықталған қаржылық қиындықтарды (әуежайдың 2023 жылғы шығыны 14 млрд теңгеден астамды құрады), стратегиялық перспективалар мен жаңғырту мүмкіндіктерін бағалауды қамтыды.

Terminals Holding компаниялар тобы басқаруының бірінші жылының өзінде, яғни 2024 жылы әуежай 790 миллион теңге кіріске қол жеткізіп, керемет нәтиже көрсетті. Бұл елеулі прогреске бірқатар операциялық жетілдірулер арқасында қол жеткізілді: коммерциялық кеңістікті пайдалануды оңтайландырылып, заманауи басқару жүйелерін, соның ішінде жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру мен автоматтандырылған бақылау-өткізу пункттері енгізілді, сондай-ақ транзиттік жолаушылар үшін әуежайдың тартымдылығын арттыратын өзара іс-қимылдың неғұрлым ашық және тиімді жүйесін құру үшін жалға берушілер арасындағы қарым-қатынастар қайта анықталды.

Жолаушылар ағыны 2023 жылы жылына 7,5 миллион жолаушыдан 2024 жылы 8,3 миллион жолаушыға дейін өсті.

2024 жылы жүргізілген талдау нәтижелері мен жобаның болашағын айқындаған алғашқы табыстарға сүйене отырып, біз Астана әуежайын дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаны жүзеге асыру туралы шешім қабылдадық. Бағдарлама аясында тікелей инвестиция көлемі 153 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар алдағы 25 жыл ішінде үшінші тараптардан 393 миллиард теңгеге дейін жанама инвестициялар тарту көзделіп отыр. Бұл қаражат инфрақұрылымды ауқымды түрде кеңейтуге бағытталады.

Қаражат қайда инвестицияланады?

Қаражат халықаралық қауіпсіздік және тиімділік стандарттарына сәйкес келетін ұзындығы 3,5 км құрайтын жаңа (қосымша) ұшу-қону жолағының құрылысына жұмсалмақ. Жаңа ұшу-қону жолағы әуежайдың өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, ұшып-қону операцияларын қатар жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Әуежайдың өткізу қабілетін 2033 жылға қарай жылына 15 миллион жолаушыға дейін және 2053 жылға қарай 30 миллион жолаушыға дейін арттыруға мүмкіндік беретін қолданыстағы Т2 жолаушылар терминалын кеңейту және жаңа халықаралық Т3 терминалының құрылысын бастау.

2053 жылға қарай жүк айналымын қазіргі максимум 12 000 тоннадан 130 000 тоннаға дейін ұлғайту мақсатында жүк терминалын жаңғырту, оның ішінде қойма кеңістігін кеңейту және заманауи логистикалық технологияларды енгізу.

Өсіп келе жатқан рейстерге үздіксіз қызмет көрсету мақсатында жанар-жағармай құю кешенінің аумағын 5,2-ден 11,6 гектарға дейін ұлғайту.

Инвестициялық бағдарламамызда қонақ үй кешендерін, іскерлік және сауда орталықтарын, сондай-ақ заманауи көрмелер мен конференц-залдарды қамтитын Aero City инновациялық көпфункционалды кластерін құруға ерекше көңіл бөлінеді. Aero City жобасы әуежайдың тартымдылығын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, бүкіл аймақтың экономикалық дамуының катализаторына айналады. Сонымен қатар, бұл жоба үшінші тараптардан қосымша инвестициялар тартуға және жергілікті экономиканың өсуіне ықпал етеді.

Барлық инвестициялар Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің қаражатын пайдаланбай жүзеге асырылатынын ерекше атап өткен жөн.

Серіктестік барлық тараптардың мүдделерін толығымен ескеретін болады. Негізгі инфрақұрылымға меншік құқығы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ-да қалады, ал мемлекет бюджетіне кірістер тұрақты түсіп тұрады.

Әуежайдың барлық қызметкерлері кепілдендірілген тұрақты жұмысқа орналасу арқылы өз жұмыстарын жалғастырады, сонымен қатар инвесторлар бағдарламасында қызметкерлерді оқыту және біліктілігін арттыру бойынша арнайы бастамалар бар.

Бұл ауқымды жобаны жүзеге асыру Астана әуежайын жоғары әлемдік стандарттарға сәйкес келетін заманауи халықаралық авиациялық хабқа айналдырады.