Астаналық хирургтер органды сақтай отырып, ісікті алатын бірегей ота жасады
Жатырдың қатерсіз түйіндік ісіктерін емдеудің радикалды әдістерін қолданбауға мүмкіндік беретін органды сақтайтын бұл бірегей ота Қазақстанда алғаш рет жасалып отыр. ҰҒМО ота жасаушы хирургтарының айтуынша, мұндай ота Орталық Азия елдерінде де әлі жасалмаған, деп хабарлады Elorda.info.
Астана қаласы бойынша ӘМСҚ филиалы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұдан былай МӘМС есебінен жатыр миомасына радиожиілікті аблация жасауға болады. Бұрын мұндай ота тек қалқанша безіне жасалып келген.
Қазақстандық хирургтер «Genova» италиялық университетінің профессоры Джованни Туртуличидің қатысуымен өткен шеберлік сабағында бұған дейін жатырды толықтай алуды ұсынған бірден үш пациентке ота жасады. Солардың бірі – 42 жастағы Эльвира. Одан миоматозды түйін 2017 жылы анықталған, алайда ол кезде көлемі өте кішкентай, небәрі 1 см болған. 2023 жылы миома өте тез өсіп, 9 см-ге жеткен. Мұндай жағдайда тек жалғыз шешім – жатырды экстирпациялау. Науқас әйел оған өз келісімін бермеген.
«Маған учаскелік гинеколог-дәрігерім хабарласып, жаңа әдіспен ота жасатуды ұсынған кезде, мен келісімімді бердім. Астанаға Италиядан профессор келіп, жатыр миомасына радиожиілікті аблация жасайтынын айтты. Ота ойдағыдай, жалпы наркозбен өтті. Отадан соң жылдам қалыпқа келіп, өз бетімше жүре бастадым. Ешқандай ауырсынулар болған жоқ», – деді пациент.
Эльвира алдағы 3, 6 және 9 айларда ультрадыбыстық тексерулерден өтіп тұратын болады. Аталған уақыт ішінде ісіктің көлемі азаюы тиіс.
Ота жасаушы дәрігерлердің бірі, ҰҒМО-ның интервенциялық хирургі Нияз Малаевтың айтуынша, отаның ерекшелігі – оның аз инвазивтілігінде. Ультрадыбыстық бақылау арқылы миоманың тініне арнайы ине енгізіліп, электр тогының әсерімен түйіндер күйдіріледі, басқаша айтқанда оларды «булап шығарады». Нәтижесінде белгілі бір уақыттан кейін ісіктің орнында тыртық қана қалады.
«Жас әйелдер болғандықтан, жатырларын сақтап қалу маңызды. Мұндай отада біз органның өзіне тиіспей, тек түйіндерді аламыз. Үш ота да сәтті өтті. Бұл әдістің бір жақсысы сол, 6 данаға дейінгі миоматозды түйіндерге қолдануға болады. Екі пациенттікі дәл осындай көп түйінді болды, біз олардың барлығын күйдірдік. Мұндай оталардан кейін тез қалыпқа келеді, сондықтан пациенттер екінші күні үйлеріне қайтты. Пациенттер ота үшін ақы төлеген жоқ, барлығы МӘМС есебінен жасалды», – деп атап өтті дәрігер.