Астаналықтардың алғашқы легі шекараға қызмет етуге аттанды

4 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналықтардың алғашқы легі шекараға қызмет етуге аттанды
Фото: Қорғаныс министрлігінен

Көктемгі әскерге шақыру шеңберінде Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жинау пунктінде Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімшесіне алғашқы 25 әскерге шақырылушы жіберілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Іс-шараға жергілікті әскери басқару органдарының, елордалық әкімдіктің өкілдері, әскерге шақырылушылардың туған-туыстары қатысты. 

– Әскердегі қызмет – бұл мінезді ғана шыңдап қоймай, жауапкершілік пен жолдастық сезімін арттыратын өмір мектебі. Әрқайсың өз міндеттеріңді абыроймен атқарып, еліміздің нағыз қорғаушысы болатындарыңа сенімдімін, – деді әскер қатарына алынғандарға арнаған сөзінде Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Фархад Құрманғажинов.

Көктемгі шақыру барысында Астанадан мерзімді әскери қызметке барлығы 1 мыңнан аса адамды жіберу жоспарланып отыр. Шақыру науқаны маусым айының соңына дейін жалғасады. 

Әскерге шақыру кезеңінде жергілікті әскери басқару органдары әскерге шақырылушылар мен олардың ата-аналарын әскери қызмет өткеру тәртібі және заңмен бекітілген әлеуметтік кепілдіктер жайлы хабардар ету жұмыстарын жүргізеді. 

Естеріңізге сала кетсек, әскери қызмет кезінде және запасқа шығарылғаннан кейін екі ай ішінде азаматтардың бұл санатына несиелері мен қарыздары бойынша төлемдерін кейінге қалдыру жеңілдіктері қолданылады. Бұдан өзге «Срочник 2.0» бағдарламасы бойынша жауынгерлік жарыстың жеңімпаздарына ҰБТ тапсырусыз еліміздің жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант негізінде оқуға түсу мүмкіндігі де қарастырылған. Сонымен қоса оқудың бірінші жылында студентке жатақханадан орын алуға басымдық беріледі.