Астаналық «Қорқыт» дәстүрлі саз ансамблі әлемдік рекорд орнатты

20 маусым, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Астаналық «Қорқыт» дәстүрлі саз ансамблі әлемдік рекорд орнатты
фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласының Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» дәстүрлі саз ансамблі өзінің 10 жылдық мерейтойына орай ерекше музыкалық марафон өткізді.  «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығында өткен кеште ансамбль үздіксіз 80 музыкалық шығарма орындап, жаңа әлемдік рекордқа қол жеткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл жетістік Global Book of Records (GBR) халықаралық ұйымы тарапынан ресми түрде тіркелді.

Ұжымның көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек мәдени шара қазақтың дәстүрлі музыкасын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті. 

«Біздің басты мақсатымыз - қазақ әндері мен күйлерін насихаттау және ұлттық өнерге деген құрмет пен қызығушылықты арттыру. Шамамен 20 күн ішінде барлық шығармалар бойынша дайындық өткіздік. Өнерпаздардың 10 жылдық тәжірибесі бар, сондықтан да дайындық барысы жақсы өтті деп ойлаймын. Басында ансамбль құрамында 10 өнерпаз болды, бүгінде олардың саны 18-ге жетті. Олардың барлығы бірнеше аспапта ойнайды»,- дейді Шолпан Қорғанбек.

Кеш барысында «Қорқыт» дәстүрлі саз ансамблі дәстүрлі күйлерімен қатар, заманауи және шетел композиторларының шығармаларын да орындады. Олар барлық шығармаларды үзіліссіз орындап, ұлттық музыка өнерінің кең ауқымын көрсетті.


Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергеновтің айтуынша, «Қорқыт» ансамблі бұған дейін 75 шығарма орындау арқылы Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енген. 

«Әлемде музыкалық композицияларды тоқтамай 24 сағат орындаған өнер ұжымдары бар. Бүгінгі «Қорқыт» ансамблі  осыдан 6 жыл бұрын 75 шығарманы 4 сағатқа жетпей орындап, Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енген еді. Бүгін ол рекордты жаңартты.

Негізі комиссия құрамында 8 адам болды. Олардың бірқатары Мумбай және Дубай қаласында, сондықтан да біз  оларға мәліметтерді жіберіп отырдық. Ал осы жерде Белоруссиядан келген маман және де Қазақстаннан екі сарапшы бақылады.

Біз шығармаларды орындау уақытын шектеген жоқпыз. Тек қана  шығарманы орындағаннан кейін келесі шығарманы орындау үшін аспаптарды реттеуге рұқсат берілді»,- деді Қуандық Құдайдергенов.


«Қорқыт» ансамблі кәсіби музыканттардан құралған және бірнеше ұлттық аспапты шебер меңгерген бірегей ұжым болып табылады. Концертте домбыра, қобыз, шертер, жетіген, сыбызғы, сазсырнай, дауылпаз сияқты қазақтың ұлттық аспаптары кеңінен қолданылды.