Астанадағы «Промышленный» тұрғын алабы толықтай газбен қамтылған
Астана қаласы әкімдігі қаланың шет аймақтарын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Тұрғын үй алаптарында газдандыру, жарықтандыру, көгалдандыру, әлеуметтік нысандар мен жолдар салу сияқты бірқатар мәселе өз шешімін тауып келеді. Elorda.info тілшісі сондай шет аймақтың бірі «Промышленный» тұрғын алабында болып, елді мекеннің даму үрдісімен танысып қайтты.
«Промышленный» тұрғын алабын жергілікті халық «Силикатный» деп те атайды. Себебі осы аймақта кеңес заманында салынған «Ақкент NTR» силикатты кірпіш өндіру зауыты болған. Одан бөлек бетон шығаратын зауыт та осы тұрғын алапта орналасқан. Тұрғындардың сөзінше, кезінде бұл мекенде тек аталған өндіріс орындарында жұмысшылар мен олардың отбасылары ғана тұрған. Жаңадан бой көтерген «Нұрлы жол» теміржол вокзалына іргелес орналасқан тұрғын алапта қазіргі таңда 20 мыңнан астам адам тұрады.
Алматы ауданы әкімінің бас инспекторы Еркебұлан Өмірбектің мәліметінше, тұрғын алапта екі мектеп пен екі балабақша және емxана бар.
Бүгінгі таңда елді мекенде әлеуметтік нысандар жеткілікті. Биыл №13-ші мектепке қосымша 600 балаға арналған қосалқы ғимарат құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл мектеп 1982 жылы 400 оқушыға арналып салынған. Бірақ қазіргі таңда мектепте 800 оқушы оқиды. Мектеп жанынан қосымша ғимараттың салынуы сабақ кестесі мен оқытушылар құрамынан жүктемені түсіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғын алапта «Отау» шағын ауданы бар. Онда 2023-2024 жылдары 2000 орындық мектеп салу жоспарлануда, - дейді Еркебұлан Өмірбек.
«Промышленный» тұрғын алабында тұрғындардың басым көпшілігі жер үйде тұрады. Бас инспектордың сөзінше, елді мекен толықтай газбен қамтылған.
Тұрғын алапта 854 жер үй, 10 көпқабатты үй бар. Елді мекенге толықтай газ кіргізілді. Бүгінде үйлерді 64 пайызы газға қосылған. Күн сайын тұрғындармен үйлерді газға қосу бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ биыл 6 көше бойынша жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған. Одан бөлек 2 көшеге инерттік материал төселеді. Астана қаласының Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы сумен жабдықтау, су бұру және нөсер кәрізі желілерін салу бойынша кешенді жоба әзірлеп жатыр. Оны іске асыру мерзімдері 2023-2025 жылдары жоспарланып отыр, - дейді ол.
Аталған елді мекенде 3 жылға жуық тұратын Алтынай Жартина тұрғын үйлер ескі болғанымен, жылу және ауыз су мәселесі жоқ екенін айтады.
Осы тұрғын алапта тұрып жатқанымызға үш жыл болып қалды. Өзім мектеп асханасында жұмыс істеймін. Балаларым да осында оқыды. Біз алғаш көшіп келгенде жол, жарық сияқты проблемалар болатын. Қазір жылдан жылға жақсарып келеді. Мұнда тек көпқабатты үйлер ескірген, дегенмен су мен жылу бар. Қала орталығына автобустар көп. Бірінен соң бірі жиі қатынайды, - дейді тұрғын Алтынай Жартина.
Автобус демекші, елді мекенге 5 қоғамдық көлік қатынайды.
«Промышленныйда» бір жылы аялдама бар. Қазіргі таңда елді мекенге №2, 41, 48, 50, 56 автобустар қатынайды. Әзірге автобус санын арттыру қажеттілігі жоқ. Сонымен қатар тұрғындар толықтай интернетпен қамтамасыз етілген, - дейді инспектор Еркебұлан Жарасұлы.
Тұрғын алапта балалар ойын алаңы бар екі саябақ салынған. Әр маусымда шіріген ағаштарды кесу, аллея, гүлзарларға гүлдер отырғызу және ағаш бұталарын егу жұмыстары жүргізіледі. Биыл елді мекенге 100 көшет отырғызу жоспарланған.