Астанада жеке пайдалануға арналған тауарларға 21 702 кедендік декларация рәсімделген
«Әуежай-Астана» кеден бекетінде осы жылдың 9 айында жеке пайдалануға арналған тауарларға 21 702 кедендік декларация рәсімделіп, оның 10 882-сіне жалпы сомасы 282 миллион теңгеге кедендік баж салығы салынған. Бұл туралы Астана қаласы бойынша МКД «Әуежай-Астана» кеден бекетінің басшысы Абылай Молдабеков айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еуразиялық экономикалық одақ кеңесінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы №107 «Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты жекелеген мәселер бойынша» жеке тұтынуға арналған тауарларды тасымалдау нормаларынан асып кеткен жағдайда кедендік баждар мен салықтардың бірыңғай ставкалары белгіленген.
Бұл шаралар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кедендік шекаралары арқылы жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелу мен әкетуде бақылауды, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге, қатысушы елдердің бюджеттеріне тиісті кедендік төлемдерді жинауға бағытталған.
«Еуразиялық экономикалық одақ кеңесінің шешімімен белгіленген жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялаудың қолданыстағы қағидаларына сәйкес, 2024 жылғы 1 сәуірден бастап мынадай шектеулер қолданылады: кедендік баждардың, салықтардың ставкалардың құны 200 еуроға тең сома және салмағы 31 кг аспауы тиіс. Темекі үшін рұқсат берілген нормалар – 200 темекі немесе 50 сигара (сигарилла) немесе қыздырылған темекісі бар 200 өнім («таяқшалар») немесе 250 г темекі немесе жалпы салмағы 250 г аспайтын ассортименттегі бұйымдар. Белгіленген нормалардан асып кеткен жағдайда тауарлар құнының 15% мөлшерінде ставка немесе салмақ нормасынан асып кеткен кезде 1 кг салмақ үшін кемінде 2 еуро қолданылады», - деді А.Молдабеков.
Сонымен қатар, адамдар мен тауарлардың белгілі бір санаттары кедендік баждар мен салықтарды төлеуден босатылған. Бұған дипломатиялық өкілдіктердің басшылары мен қызметкерлері, өзге мемлекетке жұмысқа жіберілген мүше мемлекеттің жеке тұлғалары, шетелде уақытша тұрған адамдар, босқын мәртебесін немесе мүше мемлекетте жұмыс істеуге рұқсат алған шетелдік жеке тұлғалар кіреді.
Тауарлардың Қазақстанға кіруі кезінде қатаң ережелер мен шектеулер бар. Тұрғындар жеке пайдалануға арналған тауарлар санатына жатпайтын тауарларды ескерген жөн. Мысалы, бекіре тұқымтас балықтардың уылдырығы, балық, шаян тәрізділер, этил спирті, алкогольдік сусындар мен сыра, темекі өнімдері, фотозертханаларға арналған аппаратура мен жабдықтар, банкноттар, банк карточкалары, жетондар, тотығуға арналған күн бөлмелері, іштен жану қозғалтқыштары, медициналық техника мен жабдықтар шектеулер қолданылатын тауарлар тізіміне кіреді.
Аталмыш шектеулер тиісті заңнамамен реттеледі. Тауардың түріне және оның санына қарай жүзеге асады. Тауарларды заңды түрде әкелуді қамтамасыз ету үшін жоғарыдағы ережелерді сақтау маңызды.