Астанада Жеңістің 80 жылдығына орай «Қамқорлық мекенжайы» акциясы басталды

Бүгін, 15:26
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада Жеңістің 80 жылдығына орай «Қамқорлық мекенжайы» акциясы басталды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елордада 3 мамыр күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай жыл сайынғы «Қамқорлық мекенжайы» акциясы басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Іс-шара «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бастамасымен ұйымдастырылды.

Акция аясында еріктілер тыл ардагерлері мен соғыс балаларына Жеңіске қосқан үлестеріне алғыс білдіру үшін барды. Акцияның алғашқы күні еріктілер 12 ардагердің үйіне барып, оларға ҰОС-тағы Жеңістің 80 жылдығына орай медаль, сондай-ақ символдық сыйлық ретінде шай себеттерін табыс етті.

«Астана жастары» ЖРО Жастар бастамаларын қолдау бөлімінің басшысы Арайлым Сапарәлі акция тыл еңбеккерлерінің ерлігі туралы естеліктерді сақтауға және құндылықтарды жас ұрпаққа насихаттауға бағытталғанын атап өтті.

«Сұрапыл соғыс пен тар заман уақытында майданның игілігі үшін өлшеусіз еңбек еткен бұл адамдар ерекше көңіл мен құрметке лайық. Біз оларға алғыс айтып, құрмет көрсетуге келдік», - деді ол.


Құттықтағандар арасында балалық шағын соғыс жылдарында өткізген және отбасымен бірге тылда көмектескен Ұлболған Омарқызы да болды. Ол сол уақыттағы қиын кезеңдер, есінде өшпестей болып қалған оқиғалар, Жеңіс күні туралы естеліктері жайлы айтты.

Іс-шара 6 мамырға дейін жалғасады және елордада Жеңіс күнін мерекелеуге арналған дайындықтың бір бөлігі болады.