Астанада зейнеткерлер таңғы жаттығу жасады

Астанада зейнеткерлер таңғы жаттығу жасады
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласындағы Ботаникалық саябақта ерекше әрі маңызды әлеуметтік-сауықтыру шарасы өтті. «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ұйымдастырған бұл шара – зейнет жасындағы азаматтарға арналған жазғы сауықтыру маусымының ресми ашылуы. Аталған іс-шара шеңберінде зейнеткерлерге арналған омыртқа жаттығулары, соның ішінде айкүне әдістемесі бойынша таңғы жаттығулар өткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жаттығулар табиғат аясында, таза ауада, қатысушылардың физикалық мүмкіндіктерін ескере отырып ұйымдастырылды. Жаттығулардың нұсқаушысы Индира Балғынбекқызының айтуынша, айкүне жаттығулары – адам денесінің өзегін түзейтін, омыртқаны созатын, бұлшықеттерді босататын және жүйке жүйесін тыныштандыратын арнайы жаттығулар жиынтығы.


Аталған бағыттың нұсқаушысы Индира Балғынбекқызы - елорданың Нұра ауданындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының спорт маманы, әйгілі сынықшы, емші Абай Баймағамбетовтің шәкірті.

«Айкүне жаттығулары адамның толық қимыл-қозғалысын қалпына келтіреді. Омыртқа сау болса, бүкіл дене сау. Бізде жаттығулар орындықта отырып, жерде жатып немесе тұрып жасалатын бірнеше тәсіл бойынша өтеді. Бұл әдістеме барлық жастағы адамға бейімделген», – дейді Индира Балғынбекқызы.

Зейнеткерлердің пікірі – оң
Іс-шараға қатысушы зейнеткерлер бұл жаттығулардың денсаулыққа пайдасы зор екенін айтып отыр.

«Айкүне жаттығуларына қатысып жүргеніме 6 ай болды. Омыртқа бұлшықеттерінің белсенді жұмыс істеуіне үлкен әсері бар», – дейді Мәрия Бекмағамбетова.

Ал Алматай Мақанованың осы курсқа қатысып, жаттығу жасап жүргеніне 1,5 ай болған.

«Қатысқаныма 1,5 ай ғана болды. Бірақ керемет әсер алдым. Омыртқаның бұлшықеттері мен қозғалыс икемділігін үйретіп жүрген Индира ханымға алғысымыз шексіз», – деп алғысын білдірді.

72 жастағы Гүлнар Жамалиқызы осы жаттығуларды жасап, омыртқа, бүйрек, жалпы дене мүшелерінің аурулары сап болғанын айтып отыр.

«Қыстан бері қатысып келемін. Омыртқа, бүйрек, жалпы дене мүшелерінің саулығына тигізер пайдасы зор. Өте ризамын», – дейді.

Ұйымдастырушылардың көздегені – сапалы өмір
«Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының жетекші маманы Бақыт Қайырбекқызы жаттығудың басты мақсатына тоқталды:

«Біздің мақсат – зейнеткерлердің белсенді өмір салтын қалыптастыруына ықпал ету. Үлкен кісілер өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы қажет. Бұл шара – тек спорт емес, қоғаммен араласу, өмірімізді қуаныш пен шаттыққа толтыру, жан мен тәннің демалысы», – дейді ол.

Қыс мезгілінде жаттығулар ғимарат ішінде өтсе, жазғы маусымда олар қаланың әртүрлі саябақтарында, ашық аспан астында ұйымдастырылып отыр. Атап айтқанда, «Жетісу», «Жерұйық», Ботаникалық саябақ, орталық және Президент саябақтарында, Нұржол гүлзары мен Мұғалімдер алаңында таңғы сағат 8.00-ден 11.30-ға дейін оңалту жаттығулары, цигун, йога, скандинавиялық жүріс және айкүне бойынша сабақтар жүргізіледі. Қатысу – тегін.


Зейнеткерлерге арналған ретро би кеші өтеді
Сондай-ақ бүгін Астананың «Жетісу» саябағында мерекелік кеш – зейнеткерлерге арналған ретро би кеші өтеді. Бұл шара белсенді өмір салтын ұстануға шақырудың жалғасы іспетті. Бұл бастама да қарттар үшін ортаға бейімделуге, көңіл көтеруге, әлеуметтік ортада белсенді болуға бағытталған.
Астанада ұйымдастырылған бұл шаралар – зейнеткерлердің өмір сапасын арттырудағы маңызды қадам. Айкүне жаттығулары арқылы денсаулықты сақтау, қоғаммен байланыс орнату және өмірге деген белсенді көзқарасты қалыптастыру – бүгінгі аға буынға аса қажет. 

Аяла АСЫЛБЕК